Сырдарияны бақылау үшін дронды іске қосты
Сырдария өзенінің арнасындағы мұздың жағдайын бақылау үшін Қызылорда құтқарушылары аспанға ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қосты,-деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әкімі С. Мақашовтың тапсырмасына сәйкес, Қармақшы аудан әкімі аппаратының терроризм профилактикасы жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімінің басшысы Р. Ефенов, Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Ғ. Нагиев, «Қармақшысушар» ӨУ басшысы Е. Бодыбаев, Жаңажол ауылдық округі әкімінің маманы Ә. Өтегенов, Қармақшы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы азаматтық қорғау капитаны Е. Назарқұловтың қатысуымен күнделікті мониторинг жүргізу үшін арнайы топ құрылды. Қазіргі заманғы технологиялар көмегімен аталмыш топ Кармақшы ауданындағы Сырдария өзенінің арналарына мониторинг жүргізді. Дрон барлау функциясын орындады. Жұмыс барысында топ Дүр Оңғар, Иіркөл атты елді мекендер орналасқан Сырдария өзені арнасының жалпы жағдайын зерттеді. Қызылордалық құтқарушылар күн сайын өзен жағасындағы бөгеттерге мониторинг жүргізетінін атап өту керек. Сонымен қатар Қармақшы ауданы Төребай би елді мекенінде ұшқышсыз ұшу аппаратымен жұмыс жалғасуда.