Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗДАРҒА ЖОЛДАМАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

ҰСТАЗДАРҒА ЖОЛДАМАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ


Биылғы оқу жылы аудан үшін жетістікке толы жыл болды. Оның ішінде ҰБТ білім бәсекесінде сырдариялық талапкерлер үздік нәтижеге қол жеткізді. Ауданнан 15 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Міне, осыған орай облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті «Алтын белгі» иегерлерінің бастауыш сыныпта сабақ берген ұстаздарына жылдағы дәстүр бойынша Астана қаласына тегін жолдама ұйымдастырды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар оқушылар шығармашылығын шыңдап, 2016-2017 оқу жылында «Алтын белгі» иегерлерінің алғашқы ұстаздарына жолдамаларды та- быс етті. Рухани жаңғыру аясындағы «Алаш төрінен – Астана алақанына» тақырыбымен өткізілген шарада бөлім басшысы мұғалімдерді құттықтап, жарқын жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдірді. Олардың оқушы тәрбиелеп, балаларға жаңашыл әдіспен білім үйретудегі еңбектері ұшан-теңіз екендігін атап айтты. Және де Ұлы дала жүрегі – Астанаға саяхат жасап, аралап қайтуға сәттілік тіледі.
Білімді талапкерлерге алғаш қалам ұстатып, білім көкжиегінде қалықтатқан Роза Сейтасқарова (№37 мектеп), Дариха Райымқұл (№35 мектеп), Тынымкүл Жүсіпова (№44 мектеп), Айшат Ерболатова (№129 мектеп), Құндызай Байзақова (№135 мектеп) және Күлшар Айтмұхамедовалар (№42 мектеп) бас қалаға туристік саяхатқа жолдама алды. Ұстаздардың тынығуына облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов пен Ж.Нұрымбетов, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова демеушілік жасаған.
Сондай-ақ, жуырда Жаңақорған ауданы Талдысу елді мекенінде өткен облыс мұғалімдерінің спартакиадасында үздік нәтиже көрсеткен 4 ұстаз Көкшетаудағы «Жұмбақтас» шипажайына жолдама алды. Аймақта бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздар Кенбай Қарашаев (агро-колледж), Александр Федотов (агро-колледж), Нұрлан Ерғалиев (№131 мектеп) және Бағдат Әбдрахманов (№129 мектеп) жемісті жұмысы үшін тынығып қайтпақ.
Е.БЕРКІНБАЕВ
22 желтоқсан 2017 ж. 1 399 0