СЫРДАРИЯЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҚАЙДА САЯХАТ ЖАСАДЫ?
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен сырдариялық бір топ ардагерлер көрші Өзбекстан мемлекетіне облыстық делегация құрамында төрт күндік саяхат жасады. “Ташкент – Самарқанд – Бұхара” бағыты бойынша турының бағдарламасы аясында ардагерлер сапары көрші мемлекеттің Ташкент, Самарқанд, Нұрата, Бұхара қалаларын қамтыды.
Аудандық делегация құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенұлы, “Сырдария ауданы әйелдері” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сондай-ақ ардагерлер Рақымжан Бәйменов, Жарылқасын Ерташев, Сайлау Мақпалбай, Саракүл Төребаева болды.
Өзбекстанның астанасы Ташкентке дейін ардагерлер №382 “Уфа-Ташкент” поезымен сапар шекті. Көрші елден келген қонақтарды бауырлас өзбек ағайындар вокзалдан құрметтеп күтіп алып, “Өзбекстан” қонақүйіне орналастырды. Келесі күні қызылордалық ардагерлер “Афросиаб” жоғары жылдамдықты поезымен ежелгі тарихи шаһар Самарқандқа сапарлады. Мұнда қонақтар Гүр – Әмір мавзолейімен, Регистан алаңымен және Бибі ханум мешітімен танысты. Бұдан әрі саяхат осы әсем шаһарда жалғасып, ардагерлер Махтум Ағзум мешітінде және Самарқандтың көрнекті орындарында болды.
Алашқа аты әйгілі даналарымыз Төле мен Әйтеке билердің мәңгілік мекені осы бауырлас Өзбекстан елінде. Ардагерлер Самарқанд қаласынан кейін Нұратада болып, алдымен Әйтеке би мавзолейіне аялдап, би бабаға зиярат етті. Одан соң жаужүрек Александр Македонский қорғанымен және дін ғұламасы Чашма Аюб мавзолейімен танысты.
– Сапардан керемет әсер алдық. Рухани дүниеміз байи түсті. “Дін – ұстай білсең қасиет” дейді халық даналығы. Сол айтқандай Нұратадағы Чашма Аюб мешітінде Алланың пәрменімен түсірілген Құранның бұзау терісіне сақталған нұсқасын көрдік. Алған әсеріміз ұшан-теңіз. Сапарды ұйымдастырған облыстық ардагерлер кеңесіне алғысымыз шексіз, – дейді сырдариялық Рақымжан қажы Бәйменов.
Ардагерлер Өзбекстандағы саяхаттың соңғы күні Бұхара қаласында болып, ондағы діни, мәдени және тарихи орындармен танысқан. Әрбір қаланың өзіне тән сәні мен салтанаты жарасып, өткеннен бүгінге жеткен небір ғажайып жауһар құрылыстары жүректі жаулаған. “Бармасаң, келмесең жат боларсың” дегендей ардагерлер сапарларының сәтті болғанына қуанышты.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ