ЖАСТАРДЫҢ ӨНЕРІ КӨҢІЛДЕН ШЫҚТЫ МА?
Халықаралық Жастар күніне орай жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Тереңөзек кент клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының ұйымдастыруымен «Болашаққа үміт, жастарға сенім» атты концерт өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – аудан жастары мен қонақтарына кешкі демалыс сыйлай отырып, жеке қабілеттерін ашу болды. Шарада аудандық орталық директоры Ғани Оралов жастарды мерекесімен құттықтады. Әрі қарай ашық аспан астында ән шырқалып, би билеген өнерпаздар көрермен көңілін жаулап алды. Шарада кент клубының үйірме мүшесі Баянсұлу Сағындықова шетелдік «Diamonds» әнін нақышына келтіріп шырқады. «Bololo», «Moon Light» деп аталатын кенттік бишілер хип-хоп стилінде әртүрлі көше билерін биледі. Сондай-ақ жас өнерпаз Бақдәулет Әбділдаұлы мен Ислам Аманжол елімізге әуезді әнімен көпшілік көзайымы болды. Кеш соңында көрермендерге интелектуалды сұрақтар қойылды. Сұраққа дұрыс жауап берген әр жас ортаға шақырылды. Кейін көпшілік алдында өз өнерлерін көрсетіп, караокемен ән айтуға мүмкіндік алды. Жиналған жұртшылық алдында қымсынбай ән айтқан көрермен «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтармен марапатталды. Әрі қарай барша қатысушылар мен көрермендер қосылып гитара үніне ілесе, айлы түнде ән шырқады.
Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді мүшесі. Өйткені, олардың еңбек ету мүмкіндігі, білім деңгейі, тәрбие өлшемі келешектің ірге тасын қалайды. Бүгінгі жас – ертеңгі ел үміті, ұлт болашағының сенімді кепілі. Жалынды жастар кешінен біз осындай ой түйіп қайттық.
Ұлбосын КЕНІШБЕКҚЫЗЫ