Қызылордада 6 IT лицей ашылады
Қызылорда облысының Жайылма ауылындағы мектеп-лицей – өңірдегі үлгілі білім ордасының бірі. Оқушылары облыстық, республикалық білім бәйгелерінде үздіктер қатарынан көрініп жүр.
«Жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен оқу ошағында жас ұрпақ үшін барлық жағдай жасалған. Робототехника кабинеті берілді, физика кабинеті берілді, химия кабинеті берілді. Барлық зертханалық жұмыстарға арналған кабинет пен мультимедия кабинеті бар. Компьютер жеткілікті. Материалдық-техникалық жағдайдың жақсы болғанынан біздің оқушыларымыздың жетістігі өте көп», - дейді мектеп-гимназия директоры Жанат Жүсіпова.
Облыстық бюджет есебінен өңірде 6 IT лицей ашылады. Сондай-ақ информатика мен алгоритмиканы тереңдетіп оқыту мақсатында факультатив сағаттары бөлінеді. Білім сапасын арттыру тұрғысындағы бастамаларды жекеменшік мектептер желісі арқылы да дамыту қарастырылған.
«Онымен қоса қазір Білім және ғылым министрлігінің тарапынан бір оқушыға балабақшадағыдай мемлекеттік тапсырыс бөлінетін болады, сонымен қатар біз қазір Қызылорда қаласында 2 жекеменшік мектеп бар еді, тағы екеуі ашылады деп жоспарлап отырмыз. Біреуі – 500 орындық, екіншісі – 300 орындық», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.
Облыстық білім басқармасы тамыздың 25-іне дейін барлық мектептерге оқулықтар жеткізілетінін мәлімдеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарына рұқсат етілген «Өлкетану» оқулықтарына қосымша тапсырыс беріліп отыр.
Жалпы, биыл облыс мектептерінде 64 мыңдай оқушы білім алады деп күтілуде. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалардың да саны айтарлықтай көбейген.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылорда қаласында жеке мектептер қатары көбейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сондай-ақ IT бағытында тереңдетіп оқытуға басымдық берілмек.