Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрақты табыс – лайықты өмір кепілі

Тұрақты табыс – лайықты өмір кепілі

Қазақстан Респуб­ликасы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға! Са­ба­қ­­тастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнама­сы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясының барысында ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын нақты істерге айналдырып, оны жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп жатыр. Президент Әкімшілігіне жүктелген жарлық Президенттің сайлауалды бағдарламасында баяндалған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы жөніндегі барлық міндеттердің нақты мерзімдері мен жауапты мем­лекеттік органдарын көрсете отырып, уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Іс-қимыл жоспарына сот жүйесін жаңғырту, полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік қызметті жетілдіру, квазимемлекеттік секторға қоғамдық бақылау мен есеп беруін күшейту, монополистер тарапынан бәсекеге кедер­гілерді жою және асыра пайдалануды болдырмау, азаматтарға кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуге бірыңғай стандарттар белгілеу, олардың қаржылық мүдделерін қорғау және басқа да бірқатар іс-шараларды қамтыған. Кешенді және ұзақмерзімді сипаттағы ведомствоаралық іс-қиылды қажет ететін мәселелерге қатысты мемлекеттік органдар тарапынан жеке Жол картасы жасалады. Оны әзірлеуге қоғамдық сарапшылар тартылатын болады. Бұл құжаттар Мемлекет басшысының жүктеген міндеттемелерінің нәтижелі әрі бекітілген мерзімінде орындалуын реттейді.
Өрлеу – бұл қазіргі заманның сын-тегеуріндерінде берілетін лайықты жауап. Қазақстан әлем үшін ашық мемлекет. Үздік жаһандық жетістіктер мен озық технологияны игеріп, ендіруге талпынып келеді. Өмірдің барлық саласында жаңашылдық керек. Президент «халықтың табысын арттыру керек» деген бастама көтерген болатын. Ал оны тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана шешуге болатынын жеткізді.
Қазіргі таңда 200 мыңнан аса жұмыс беруші өзінің 1,1 млн. жұмыскерлеріне жалақысын көтереміз деген жауапкершілік алған. Олардың еңбекақысы 30 пайызға өседі деген болжам да бар.
Тағы бір мәселе, әрине көпті толғандырған бас­пана жайы. Бүгінде билік алдында бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Президент «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуын айрықша назар аударамын» деген болатын. Бұл ретте көпбалалы отбасылар жайлы айтпай кете алмаймыз. Биылғы жылдың өзінде бизнесмендер өздерінде еңбек ететін осындай жанұяларға 385 пәтердің кілтін табыстаған. Ал жергілікті әкімдіктер 1100-ге жуық үйді жалға берген. Игі бастама жалғасын табатынын министрлік өкілдері жеткізді.
Президент бастамасының басым көпшілігі әлеуметтік көмекке арналған. Оның ішінде негізгісі – халықты баспанамен қамту. 2025 жылға дейін 650 мың отбасы қолжетімді баспанаға ие болады.
Мемлекет басшысының бұл қойылған міндеттері Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енуіне, ел мен жұрттың өмір сүру сапасын арттыруға арналған тарихи құжат деуге болады.

Майя ҚОЖАБАЙ

03 тамыз 2019 ж. 687 0