Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӘСКЕРИ ТӘРТІПТІ КҮШЕЙТУ ЖӨНІНДЕ БІРҚАТАР ТАПСЫРМА БЕРДІ

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӘСКЕРИ ТӘРТІПТІ КҮШЕЙТУ ЖӨНІНДЕ БІРҚАТАР ТАПСЫРМА БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Бектановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери дайындығының жағдайы және елімізді қорғау жоспарларын жүзеге асыру жөніндегі Бас штабтың жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қауіп тудыруы мүмкін жағдайларды талдау жұмыстарын күшейту, Қарулы Күштерді одан әрі дамытудың концептуалды жолдарын әзірлеу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, М.Бектанов Қазақстан Президентіне осы күндері өтіп жатқан «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу туралы баяндады.

Соңында Мемлекет басшысы әскери саясат саласындағы мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру, әскери тәртіп деңгейін күшейту, сондай-ақ, өтіп жатқан оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

18 сәуір 2019 ж. 814 0