Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ КӨМЕКШІЛЕР ДАЙЫНДАЙТЫН ЖАЗҒЫ МЕКТЕП

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ КӨМЕКШІЛЕР ДАЙЫНДАЙТЫН ЖАЗҒЫ МЕКТЕП

Қызылордада азаматтық қоғам өкілдерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға үйрететін Жазғы мектеп ұйымдастырылды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Транспаренси Казахстан» өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған оқыту курсына Қызылорда облысының барлық аудандарынан тыңдаушылар қатысты.
Жазғы мектепте «Транспаренси Казахстан» өкілдігінің атқарушы директоры Ольга Шиян, «Зерттеу» қоғамдық қорының қызметкері Ғалымжан Оразымбет, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкерлері тыңдаушыларға лекциялар оқып, қажетті ақпараттар берілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жазғы мектепте оқуға 90-ға жуық үміткер тіркелген болатын. Солардың ішінен 45 азамат таңдалып алынды. Мектеп тыңдаушыларына арнайы сертификаттар табыстадық. Алдағы уақытта, бұл азаматтармен қоғамда адалдықты, әділеттілікті, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықтың алдын алу бағытындағы біздің штаттан тыс көмекшілеріміз деуге болады», - деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ардақ Ерсейтов.
Сондай-ақ, «штаттан тыс болашақ көмекшілерге» сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жобалар таныстырылды.
Жазғы мектеп еліміздің барлық өңірлерінде жұмысын жалғастырады.
24 шілде 2019 ж. 462 0