Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АХМЕТ САЛҒАН САРА ЖОЛ

АХМЕТ САЛҒАН САРА ЖОЛ

Қазақ халқының менталитеті мен тұрмыс салты ежелден-ақ қа­лыптасып, қанатын кеңге жайды. ұлтымыздың басты қадірлейтіні – ана тілі. Ежелден құндылығын жоғалтпаған тілдің атқарар рөлі ерекше. Ал қазіргі таңда жаппай латын әліпбиін білу, оны үйрену маңызды.
Ұлт тарихында талай жыл талқыға түскен ана тіліміздің мәртебесі көтеріліп, жаңа сипатта түрленіп келеді. Елімізде шоғырланған тұрғылықты жеріңе байланысты өзіндік сөйлеу мәнері қалыптасқан. Нақтылық пен айқындылық үйлесім тапқан жерде өзара түсіністік пайда болатыны рас. Сондықтан да ана тілімізде жазылған талай дүниені басқа да тілдерге аудару жолымен насихаттау рухани байлығымызда ерекше серпін берері рас. Ал латын қарпіне көше отырып, шетелдік аренаға мызғымас жол салу қағидатын ұстану құптарлық жағдай.
Латын қарпіне көшу арқылы болашақтың алтын қақпасына табан тіреуіміз бек мүмкін. Жалпақ жұртқа тіліміздің көркемдігін, сан алуан әсемдігін барынша ұғындыру арқылы сөйлеу дағдысын оңтайлы ұйыстыра білу керектігі айтылып жүр. Кез келген қарапайым сөздің түрлі мағынасын ашу алдыңғы орында тұрады. Халықаралық бағытта жүзеге асатын тілдің негізгі тетігі ортақ түсіністік табуға арналады. Жаңашылдыққа бетбұрыс жасай отырып, келешек жас ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруіне жол ашады. Өзге ұлттың алдында мемлекет беделін арттырудың бірден-бір жолы латын қарпіне ауыса отырып, тіліміздің мәңгілік өлмейтін шұрайын өзгеге сезіндіру.
Жыл өткен сайын халық арасында латын әліпбиінің осы күнгі үлгісі қызу талқыға түсіп, бірте-бірте үйренуге талпыныс жоғары. Бұрындары шырайы кетпеген тілімізден ғайып болған сөздер қайта оралып, ескі сарынның сынықтарын қолданыстан шығаруға әрекет етуіміз керек. Ол үшін осы күннен бастап бұрыннан тілімізге еніп кеткен сөздер желісін қазақы нақышта пайдаланып, жазылу үлгісін латын қарпінде таңбалауды ұсынамыз. Барлық жағынан маңыздылығын жоғалтпауы тиіс тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, шетелдегі қандастарымыздың жергілікті тұрғынмен еркін байланыс орнатуына ықпал жасауға ниеттіміз. Ертеректе хат таныған ата-бабамыз сөздің ұтымды тұсына мән беріп, ұрпағының санасына сіңіріп отырған. Ғылыми негізде нағыз түпкі мағынасынан айнымайтын қазақ тілі көпшілікке әдеби тұрғыдан түсінікті. Демек тұрмыста кездесетін сөйлеу мазмұны өміршеңдігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп келеді. Қаншама халық жер бетінен әуезді тілінен айырылу арқылы жойылып кетіп жатыр. Алдағы уақыттың еңшісінде жаппай халықтың латын қарпімен жазуға үйренісуі алпауыт державалардың тәжірибесін меңгеруге жол ашады. Олардың мәдениетін, әдебиетін, руханиятын, заманауи бағыттағы ұстанымын игеруге мүмкіндік туады.
Ендеше қарадомалақ ауыл баласы болашақта шетел асып, биік белесті бағындырып жатса қуанбасақ, ренжімейтініміз айдан анық. Ана тіліміздегі жазу методикасы ғаламдық жүйеден нәр алып, өркениет көшіне ілескені үлкен жаңалық. Әлі талай қазақ баласы Ахмет салған сара жолды жалғастырып, әлемнің түкпір-түкпіріне қазақ атын әйгілі ететін болады.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген болатын. Яғни әрбір қазақстандық алдағы жылдары латын қарпін меңгеруі тиіс. Бұл жаңа заман платформасын қалыптастырып, дамудың даңғыл жолына бастамақ.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
10 шілде 2019 ж. 846 0