Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЙТҰРСЫНОВ АРМАНДАҒАН ӘЛІПБИ

БАЙТҰРСЫНОВ АРМАНДАҒАН ӘЛІПБИ


Қазақ өркениетінің негізгі қайнар көзіне ай­налған ана тіліміз еш уақытта құндылығын жо­ғалтпақ емес. Ежелден келе жатқан қастерлі тіліміздің кереметтілігіне дүйім жұрт қайран қа­лады. Әлем елдерімен санасып, ондағы барды білмек ниетте тың бастамалар көтерілуде. Тығыз қарым-қатынаста болу процесі барлық жағдайда Қазақстанның игілігі жолында жасалады. Бұл ретте бұрнағы жылдардан бері көтеріліп, дәл осы күні пісіліп жетілуге таяған латын қарпіне көшу – заман талабы.
Болашақты бағдарлай білген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев латын қарпіне көшу арқылы дүние жүзінің дамыған мемлекеттер қатарына қосылуды көздейді. Осы орайда арнайы мамандар тіліміздің шұрайлылығын сақтауда зерттеулер жүргізіп, бұрыннан келе жатқан кірме сөздерден арылуға күш салуда. Латын қарпіне көшкен жағдайда қазақ лексиконының аясы кеңейіп, термин атаулыны дұрыс қолдану тетіктері қатаң назарда болады. Мектеп жасынан білім алатын жас ұрпақ өзгенің таңсығынан айырылып, ана тілімізде айна қатесіз сөйлейтіні хақ. Сонымен қатар, латынға көшу ата-бабамыздың аңсаған асыл мұраты екендігін ескерген ғалымдар алдағы уақытта қателікке бой алдырмауға тырысады. Шет мемлекеттер қа­былдаған нұсқалары мен қазақ әліпбиін салыстыра отырып, қарапайым халыққа түсінікті, әрі тиімді жағы қарастырылады. Өйткені, сауатты ұрпақ тәрбиелеуде тіл тазалығы алдыңғы орында екені шүбәсіз.
Күрделі механизм фукциялары мен озық тәжі­рибелер тетіктерін меңгеруде латын қарпінің ма­ңыздылығы жоғары. Біз білмейтін, көзбен көр­меген, ел естімеген технологияларды игеруге, үйренуге айқын жол ашылады. Жалпы алғанда ауылдың қара домалақ баласы алыстағы ағайынның жаңалығына қанығып, заманауи құндылықтарды жарыққа шығарады. Бұның барлығы келешектің еншісінде. Ендеше ықылым заманнан дағдылы өмірдің құрсауын бұзуға сәл-ақ қалды. Жаңашылдыққа бейімделу заматында қиындық соқтырмайтынына кәміл сенеміз. Себебі, бәсекеге қабілеттілік әрбір қазақстандықтың айқын бағдары саналады. Кешегі Ахмет Байтұрсынов армандаған қазақ әліпбиінің дәуірі қайта туып, Алаш жұртының өміршең, тілі, діні, ділі, рухы өлмейтінін миллиардтарға дә­лелдейтін күнде алыс емес.

Б.ОРДАБЕКОВ
12 шілде 2018 ж. 907 0