ЕЛДІКТІҢ АЛТЫН ШАҢЫРАҒЫ
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен батыл шешімдер жүзеге асып, серпінді дамып келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласы – елдіктің белгісіне айналды. Елорда әлемдегі көрікті шаһарлар қатарын толықтырып, бас қала көптеген бастамалар орталығы саналды. Мұнда халықаралық деңгейдегі маңызды жиындар өтіп, Елорда беделі жыл өткен сайын артып келеді. Әрбір жыл сайынғы Елорда күнінде бас қаланың мерейі үстем болып, шаһар көріктене түсуде.
Кеше аудандық мәдениет үйінде «Елорда күніне» орай «Нұр-Сұлтан – елдің алтын шаңырағы» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Лекеров, бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты.
Шара барысында мәдениет қызметкерлері шағын көрініс қойды. Арман қалаға атбасын бұрған жастардың зор тебіренісін ұсынып, патриотық тәрбиенің үлгісін көрсетті. Бұдан кейін Б.Зинаддинұлы сөз алып, бас қаланың айшықты келбетін тілге тиек етіп, тұғырлы Тәуелсіздік тұсындағы ел жетістігін айтып берді.
Бүгінгі Елорда еліміздің бас ордасы ғана емес, әлемнің танымал мегаполистерінің біріне айналды. Ұлы Даланың сәулетті шаһары әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтың басын қосатын халықаралық бітімгерлік алаңы болып танылды, дүниежүзілік мәселелер талқыланып, жалпы адамзаттық озық идеялар жүзеге асырылуда, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.
Құттықтаудан кейін бірқатар азаматтарды облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Мерекелік салтанатта аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық ән шырқап, көпшілікті қуанышқа бөледі. Мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ