Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРАТАУ МАҒАН СЫР АЙТТЫ

ҚАРАТАУ МАҒАН СЫР АЙТТЫ

Біз мінген көлік жердің апшысын қуырып, алға қарай жылдамдығын арттырып, жүйткіп барады. Мен терезе жақтауына сүйене отырып, теріскейдегі ағайынның тірлігіне сүйсіне қарап келемін. Әсілінде, жазиралы кең дала төсінде сан алуан бағытта қарбасласқан қараша халық толассыз төгілген терге малшынып, тынымсыз еңбек етеді. Әр адам күнделікті күйбің тірліктің қарғыбауына байланып, жанкешті қарекетінен танбайды. Көкейдегі көксеген мақсатына жету жолында жалықпай ізденумен болады. Нағыз өмірден түйгені мен көргенін, аз-кем білгенін ғұмырлық азық қылатын көпшілік бар жерде береке қазаны қайнап жатады. Жол ұзақ болғаннан кейін көз шырымын алған серіктеріме мән бермей, дархан далада қоныстанған жұртшылық әрекетінен ерекше әсер алғандаймын. Қой баққан балалар, шелегін ұстаған келіншек, жылқысынан түспей алысты бағдарлаған қария, көлігін от алдыра алмай, амалы таусылған шопыр жігіт. Барлығы ауылдағы ағайынның боямасыз өмірі.
Діттеген жеріміз – қарт Қаратаудың бөктері. Мұнда жыл сайын мыңға жуық халықтың басын қосатын малшылар слеті өтеді. Бұл мекенге мен алғаш рет келе жатырмын. Межелеген жерге таяған шағымызда керемет жусан иісі аңқып сала берді. Біршама шақырым аралықты артқа тастап, табаным жерге тиген бойда тұла бойымды ерекше қуаныш биледі. Сылдырлап аққан бұлақ басында саф таза ауаның өн бойыңды шымырлататыны қайран қалдырды. Кіршіксіз тазалықтың символындай мөлдір судың тұнығынан қуат алған қандай керемет! Төңіректі үлкенді-кішілі тау сілемдері қоршап алған. Жазық мекендегі салқындық алғаш келген менің ыстық пейіліме әсер ете қоймады. Дүниеге басқа көзбен қарап тұрған Қаратау барлық адамды қапсыра құшақтап, асқан мейірімділікпен біздің әрқайсымыздың маңдайымыздан мейірлене иіскеп тұрғандай. Малшылардың то­йында қауыштырған Қара­таудың етегіне мен де жармастым. Өзіммен-өзім отырып сырластым.
– Сен, білесің бұл күннің қай бағытқа құбылып бара жатқанын. Осыншама адам пейі­лі неге тарықты? – дейтіндей қарт Қаратау.
– Екеуміз де Тәңір жаратқаннан кейін өл­шеулі өмірді сүріп келеміз. Өткенге үңіле қара. Кеше жүрген адам бүгін жоқ. Толассыз төнген қауіпке бас тігетініміз де рас. Ақбөкеннің терісін жамылған талай түлкі маған келіп тәу етті. Шүкірлік қыла білуді місе тұтпайтын олардың қалаған нәрсесі осыған келіп саяды. Анау бұлақты көрмейсің бе? Айналасы топырлаған адам. Олар жасаған күнәсін жуып жатқан жоқ. Тек теріге түскен болмашы кірден арылып жатыр. Айғақ пен дәлелді ажырату қиын болып барады. Расында екеуі бір ұғым болғанымен менің ойымша мән-мағынасы өзгеріп барады. Жасаған ісіңді барынша дәлелмен көрсету дұрыс-ақ. Дегенмен болмайтын дүниеге ұшырасу әбестік екенін біле тұра, онымен қатынасу көкейіндегі өшпес айғақ. Сол секілді пейіл мен пиғыл да қарама-қайшы адамына қарай өзгеріп отырады.
– Сан мыңдаған адам шежірелі жылдар тоғысында тамырын кеңге жайып, мәуелі бәйтерекке айналды. Соларға айқын бағытты сілтеген кезде адам баласына қандай бағдар ұсынар едің?
– Осы күні туған жерде қоныстанған ата-ба­ба ізбасарлары, жаңа заман ұрпақтары көзге ілеспес жылдамдықта өркендеп, өсу үшін дамуға серпін беруде. Тосыннан жаңалық ашуда. Өткен ғасырда жаз шығысымен бұл өлке нағыз еңбек майданына, береке ордасына айналатын. Жайлауға келген ағайын төрт түлігін төлдеткен халық ырзық-несібесін ж­иятын. Жусаннның бел ортасында жайылған төрт түліктің жай-күйі жақсы болатын. Ал қазір адамның барлығы орталыққа үйір. Мұнда тек арасында демалу үшін аяқ басады. Кейде жалғыз өзім қалғанда өткен күнді електен өткізетінім бар. Бағыт-бағдар демекші, өскелең ұрпақ өзіне керектіні біледі. Малды да бағады, бағбан болуға да жарайды. Диқаншылыққа бет бұрады. Өйткені ата-бабадан қалған кәсіп өзегіңді талдырмайды.
– Қарт Қаратау, құзар шың басында өрбіген әңгіме адамның жай-күйі. Табиғат ананың омырауынан тамған сүтке малшынған біздер қадір-қасиеттің пайымына жете білдік пе?
– Қадірің кеткен жерде тірідей жер түбіне көмілесің. Басты құндылық – адами сыйластық. Тектілік тұрпаты келіскен кез келген жан ең бірінші кезекте бауырына басқан жылы шырайлы адамның бағалы екенін біледі. Замандарында әр нәрсенің қадіріне жете білу маңызды. Көңілге қаяу түсірмеу, ұсақты көзге ілмеу, барды қанағат қылмау адамды аздырады. Осыларды жадына түйіп, өмірлік ұстаным қылған жанның қасиеті жоғары болады.
– Жер бетінде талай адамның тағдыры тарих бетіне таңбаланып жазылып жатыр. Адам өкінбес үшін не істеу керек?
– Барлық істі бастамас бұрын жүйелі жос­пар керек. Қарекетіне жауап бере алатындай ыждағаттылық, сынағына тегеурін көрсететін төзімділік қажет. Өкіну азғантай уақытта орын алады. Бірақ өмір бойы ойыңнан кетпейді. Шикіліктің құрбаны болмау үшін тәжірибеге сүйену құптарлық жағдай. Ұқыптылыққа үйре­нісу – оңтайлы шешім.
– Дүниеде қайталанып келе беретін екі нәр­сеге көз жеткізу керек секілді. Ол не?
– Уақыт бір орнында тұрмайды. Дегенмен бір кісі жасаған істі міндетті түрде келесі адам қайталайды. Бір жағынан қатаң ұстануға тиісті дағды. Қалыпты тіршіліктің айнымас көрінісі. Екіншісі – адамгершілік. Саған біреу жақсылық ойлаған мезетте, қайтарымы болу керектігін ұғыну керек.
Жылдар бойы тұғырынан тай­дырған ешкім жоқ. Құшағыма сыйған халық өзара тату болса деймін. Өшпенділік, өзара жау­ласу абырой әпермейді. Жерге таласқан талай жаудың бетін қайтарған қазақтың тектілік қасиеті зор. Ақырында ұлы дала перзенттері қайсарлық қалпынан айнымай ұсақталмаса екен. Замана тоғысында мен де құм болып жерге шөгермін. Талай адам сыр алдырмас бөктеріме келіп бір сәт дамылдар. Әне, қара­шы, ғұмырдария өздігінен жалғасын тауып жатыр. Беймәлім, бір танымас жандар табысып, қауышып жатыр. Шырыл қаққан сәби дауысы құлағымның түбіне естіліп тұрғандай. Бұл мекенде тыныштық жайлаған сәтте жазық дала мекендеушілері мені жалғыз тастамайды. Құстар ән айтады, сылдырлаған бұлақ жағасында тіршілік иесі мекен етеді.
Осылайша, тау басынан төмен қарай бір қалыппен түсіп келе жатқан сәтім. Төбеге қарай өрмелеген кішкентай бүлдіршіннің қимылы ширақ көрінді. Бәлкім, келешектің тұтқасын ұстар жас ұрпақ болса керек-ті. Қартыммен сырласып, мауқымды басқан әсерлі күннің кереметтілігі ерекше. Бұл мекенге әлі талай жолым түсетіні рас. Дәл бүгінгідей қазыналы қартым, Қаратаудың қадіріне жете алар ма екенмін?!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
02 шілде 2019 ж. 593 0