ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

Адамның мықты болып жаратылуы ата-бабадан келген тектілігінен десек қателеспейміз. Бала арманына қанат бітіру үшін Жоламан әкей сол уақытта Мәскеу шаһарына екі қайтара барады. Бұл орайда бірде-бір кедергісіз емтихан тапсырған бозбалаға миллион халықтың ішінен дараланудың сәті түспеді. Оған еш өкінбейді. Бірақ, ауыл баласы үшін Қызыл алаңға табаны тиіп, үлкен жерге қадам басуы жарқын болашағының баспалдағы еді. Күш-жігерін жани түскен оның ойында “қайтсем де қалаған мамандықтың иегері боламын” деген үлкен мақсат тұрды. Осылайша уақыты келгенде Алматы қаласындағы медицина институтының ауласында орналасқан тақтайшада оқуға түскен абитуриенттер қатарында Қайрат Ермановтың есімі жазылған болатын.
Мұнда алты жыл оқу процесін меңгеріп, көкейдегі көксеген мақсатқа жету үшін біртабан жақындайды. Бір көрген бойда адам психологиясын жазбай танитын профессорлардың тәлімін алып, практикалық тұрғыда оқығанын жүзеге асырады. Ұсақ дүниенің орындалуы айтарлықтай уақытты қажет ететін болғандықтан ыждағаттылықты жаны сүйеді. Қайрат Жоламанұлымен әңгіме барысында ұзақ ойлана айтқаны мынадай еді: – «Оқытушыларымыз біліммен қатар тәрбиені, барынша ақылға салып қарекет етуді үйретті. Пациентпен сөйлесер алдында оның әлеуметтік, тұрмыстық, психологиялық жан-дүниесін сезініп барып, ем-шараға көш, ақтық шешіміңді көңіл-күйіне қарай шығаруға тырыс дегені айқын бағыт-бағдар болған секілді» – дейді. Ең бірінші кезекте жас дәрігерді сынақ алаңы ота жасау бөлмесі қарсы алатыны сөзсіз. Кейіпкерім алғаш бесінші курс оқып жүріп ота жасауға бел буады. Арнайы маманның нұсқауымен адам өмірін арашалап қалады. Сынақтан мүдірмей өткен ол дәрігер ретінде мамандығына құштарлығы оянады. Оқуды бітіргеннен кейін А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығының қабылдау бөлімшесіне жұмысқа алынады. Шындығында қайнап жатқан өмір қазанының бел ортасына түскен ол білімін шыңдайды, тәжірибесін байыта түседі. Минут сайын толассыз адамнан арылмайтын бөлімшеде сан түрлі дертке шалдыққан тағдыр иесі алдына келеді. Дәрігердің міндеті жанына шипа күткен науқастың дертімен күресу. Алғашқы көмекті сауатты, әрі жылдам беру. Шахмат тақтасындағы тайталас мұнда да жүреді. Маман жасаған шалыс жүрістің арты орны толмас өкінішке ұласуы бек мүмкін. Бұның барлығын заматында жүзеге асыру, қателік кетсе түзету тапқырлықты қажет етеді.
Отбасында ұлдың үшіншісі болған Қайрат Жоламанұлы өткен ғасырдың соңғы жылдарында туған жері Тереңөзекке қайтуға ұйғарым жасайды. Білгені мен көргенін бірге ұштастырған жас маман облыстық ауруханаға жұмысқа орналасады. Араға бір жыл салып сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Рүстем Садықов енді жұмыс процесіне шыңдалып келе жатқан дәрігерді аймақтық дәрігер ретінде қызметке алады. Үлкен буынның айтқанына құлақ асқан кейіпкерім он жыл бойы қарапайым халықтың шипагері атанады. Кейде қиыншылық кезеңнен өту мақсатында тосыннан шешім шығаратын кездері болады. Балтыры сыздаған ағайынның дертін дөп басып, диагноз қоюда теория мен практикаға жүгінеді.
– Арасында сырқаттанған адамның көпшілігі қай жері ауырғанын білмей келеді. Мүлдем дертіне қарама-қайшы бағытты нұсқап, өзін мазалап жүрген сырқаты қай жерінде екенін білмей шатасады. Осы ретте дәрігердің алқашқы әрекеті науқастың аурушаңдық белгісін дөп таба біліп, дереу іс-қимылға көшуде жатыр. Соған орай ақыл-кеңесімізді айтамыз, ем-шара қолданамыз, – дейді білікті дәрігер. Соңғы он жылдықта күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі атанған дәрігер өмірден алған марапаттың ең үлкені халықтың айтқан алғысы деп санайды. Өкініші, көз алдыңда жүрген кей жанның кенеттен дүние салғанын көргенде дертіне дауа бола алмадым ба деген ой мазалайды екен. Заман талабына ілескен дәрігер осы кезге дейін бағындырған белесін бойына құт санайды. Күн сайын дертіне шипа іздеген әрбір тұрғынның пікірімен санасады. Бұның барлығы сонау бала күнгі арманының шынайы көрінісі. Әлі күнге қарапайымдылықтан айнымаған кейіпкерім халықтан бір саты төмен тұру керектігін жадынан шығармайды. Айналасына зер сала жүріп, сырттай науқастың жай-күйін зерттеумен болады. Мейлі көшеде, қоғамдық көлікте, дүкенде, көпшілік жерде, жұмыс барысында болсын Гиппократ антына адал екенін дәлелдеп, кез келген адамның түр-әлпетінен сырқатын аңғаруға тырысады. Қолынан келгенше бір адамды ажал тырнағынан арашалап қалу азаматтық борыш, қызметтік парыз. Өзге біреуге өмір сыйлау жұмыстан тапқан жан рахаты секілді.
P.S. Бірде жұмыстан қайтқан кезім. Екі қария жол үстінде әңгіме айтып келеді. – Бөке, қайдан келе жатырсың?
– Емханадан. Жоламанның баласы Қайратқа барып, ем алып жүрмін. Өзің қайдан қайттың?
– Мен де алдында Қайратқа көрінгем. Қан қысымым жоғарылап, жүректе ақау болғаннан кейін ем алғанмын. Соның қағазын алып келе жатырмын. Сенің қай жерің ауырып жүр? – Әй, менің ауырмайтын жерім жоқ. Соның барлығын мың болғыр Қайраттың арқасында дұрыстатып жатырмын. Қазір шүкір жақсымын.
– Айтпа. Қазір ауырмайтын жеріміз қалмай барады. Оның ішінде мына көп ауыратын жастардың қарасы мол. Оның өзі жанға батады. Келешек солдардікі емес пе?
– Дұрыс айтасың замандас.
Міне, халық ықыласына бөленген дәрігер Қ.Ерманов жайлы жұртшылық пікірі осындай. Жоғарыдағы мақаланы жазу үшін кейіпкеріммен әңгімелесіп, бөлмесінен шығып бара жатқанымда кезекте бірнеше адам тұрды. Дертіне дауа іздеген жандардың құлан-таза айығып кететініне мен де сендім. Себебі, дәрігер Қайрат Жоламанұлы өз ісінің нағыз шебері.
Балтабай ОРДАБЕКОВ