ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ
«Халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн. Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек». Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу жөнінде айтқан тапсырмасы.
Тұңғыш Президенттің өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру тұрғысындағы жүктемесін іске асыру шаралары жүзеге асуда. Қазіргі таңда полицейдің сапалы қызмет көрсетіп, халықпен жұмыс жасау үшін жаңа үлгілер енгізіліп жатыр. Соның арқасында құқық қорғау саласына қоғамның сенімі артып келе жатқаны анық.
Ауданда да бұл тұрғыда жұмыстар жүйелі іске асуда. Бұған дейін аудандық полиция бөліміне барып, тұрғындар өтінішін қабылдауда біршама кедергілер болса, бүгінде оның ауылы алыстаған. Яғни, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы енгізіліп, ақпарат орталығы қызмет көрсетуде. Мұның жүзеге асқанына үш айға жуықтады. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің кадр саясат тобының инспекторы, полиция капитаны Айдос Алматов айтып берді.
– Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында полиция сақшылары үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Аудан төңірегінде қылмысты болдырмау, заңсыздықтарды әшкерелеу үшін қызмет етудеміз. Одан бөлек, тұрғындардың талып-тілектерін, өтініштерін тыңдап, қабылдауға кедергі болмас үшін ақпарат орталығын жасақтадық. Бұл өз кезегінде халықпен байланысты нығайтады, – дейді құқық қорғау саласының маманы.
Полиция қызметкерінің айтуынша, орталықтан тұрғындар кез келген ақпарат ала алады. Оған мемлекеттік қызмет көрсету, әкімшілік пратика бөлімшесі мен көші-қон қызмет тобы, азаматтық және қызметтік қару айналымының бақылау тобы қызметкерлері жұмылдырылған. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Е.Сағидуллаұлы аптаның жұма күні азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды.
Жалпы, ақпараттық орталықта халыққа жағдай жасалған. Полиция қызметкерлері кез келген адамға қызмет көрсетуге әзір. Бөлімге келген тұрғындар үшін күту орнын да жасақтап қойған. Мұның бәрі Елбасы тапсырмасынан туындаған міндеттерді сапалы іске асырып, халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар. Сонымен бірге, тәртіп сақшыларына деген сенімділікті арттыру тұрғысындағы нақты қадам. Сондықтан құқық қорғау саласына қатысты мазалаған мәселе болса аудандық полиция бөлімінің ақпарат орталығынан анықтап алуыңызға жол ашық.
Е.БЕРКІНБАЕВ