ЕЛДІҢ КҮТКЕНІ – ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС
Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Бұл туралы Елбасы өз Жолдауында айтты. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің мансабын жоғарылатып, оларды бағалау критерийлері өзгеруі тиіс. Оның үстіне, тек үздік полиция қызметкерлері ғана ел қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Жалпы, халық бұл саланың түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.
Қазір сөз басында айтылған жоғары талапты жүзеге асыру жүріп жатыр. Терең және сапалы өзгерістер қажеттігін уақыттың өзі көрсеткендей, бұл тұрғыда жаңа реформалар қолға алынбақ. Ол келер жылдың 1 қаңтарынан іске аса бастайды. Әрине, қауіпсіздік жолында басын қатерге тігіп, әркез алдыңғы шепте жүретін полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Сол себепті де ең алдымен, тыныштық сақшыларының әлеуетін көтеру маңызды. Бұл ретте, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелері шешім таппақ. Өзгенің тыныш өмірін ойлайтын құқық қорғаушылардың тұрмыстық ахуалы мемлекет тарапынан қолдауға ие болса, ел-жұрттың қауіпсіздігі тұрғысында оларға жоғары талап та қойылады. Сонымен бірге, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылтудың да сапаға айтарлықтай әсері бар. Өйткені, бір жұмыстың үстіне екінші, үшінші жұмыс жүктелгенде оның залалы халыққа тиіп жатады. Сондықтан да әр қызметкер өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарса, тыныштық жолындағы жұмыс жүйелі болмақ.
«Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы» әзірленгенде ішкі істер министрлігінің штаттық санды оңтайландырылуы жүзеге асады. Ол үшін жеке құрамның штаттық саны қайта қаралмақшы. Оған қоса, сала қызметкерлері қайта аттестациялаудан өтеді. Осы негізде, полиция қызметкерлерінің штатын 10 пайызға қысқарту жоспарланған. Мұндай өзгерістер полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашады. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Оңтайландыру жұмыстары 16 миллиард теңгені үнемдемек. Мұндай шаралар өз кезегінде жоғарыда айтқан жұмыс сапасына септігін тигізсе, сақшылар жалақысының жоғарылауы да осыған негізделген. Қосымша полицейлердің жалақысын арттыруға 21,4 миллиард теңге де бөлінеді.
Полиция қызметкерлерінің жаңа стандартын бекітудің де маңызы зор. Бұл, біріншіден, ел тыныштығына елеулі қызметкерлер жауапты болатынын аңғартса, екіншіден, кадр мәселесінің оңтайлы шешілуіне ықпал жасайды. Бұл арада кадр тұрақтылығы да басты назарда тұрады. Өйткені, қызметті жарты жыл, бір жыл сайын ауыстырып отыру кадрлық жүйенің тұрақсыздығын көрсетті. Оның қарапайым халыққа да кері ықпалы тиеді. Ал қылмыстың азайып, елге кері ықпал тимес үшін заманауи жаңа форматтағы жұмыс – заман талабы.
Халықпен жұмыстың қолайлы тәсілі іске асуы тиіс. Сол үшін де полиция жұмысы алдағы жылы сервистік модельге көшеді. Мұның тиімділігі – құқық қорғау органдарының елмен байланысы жақсарады. Яғни, қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдауға қолайлы жағдай жасалмақ. Сондай-ақ, олардың қоғамдық қауіпсіздік тұрғысындағы жұмыстарына үнемі мониторинг жүргізіледі. Бұл полиция жұмысын бағалаудың, бақылаудың жаңа форматы. Сәйкесінше, осы арқылы халықтың өзін қауіпсіз сезінуі үдей түседі. Саланың түбегейлі жақсаруы негізінде ел тыныштығы сақталып, қылмыстар саны азаяды. Жұртшылық полиция қызметкерлері жанында өздерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеніне сенімді болады.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында полиция қызметіне қатысты айтқан жұмыстарды шұғыл іске асыруды ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселесіне арналған кеңесте де атап айтты.
– Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмай отыр, азаматтардың көңіл толмастығын туғызуда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Біз онсыз басты бағдарымыз саналатын қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында Ел Президенті Жолдауда айтылған барлық мәселелердің тиімді шешу жолын ұсынды. Ішкі істер органдарындағы атқарылар жұмыстың ауқымы үлкен екенін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа формациядағы полицейлер қажеттігін жеткізді. Ол үшін кадр даярлауда министрлікке тиесілі 12 оқу орнының үздік 5-уі ғана қалады. Теріс қылық жасаған полиция қызметкері қызметтен қуылып, барлық жеңілдіктен айырылады. Тиісті сынақтар ұйымдастырылып, одан өте алмағандардың орнына лайықты қызметкер алынады. Бұл салаға да цифрлық жүйе енгізіліп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің заманауи форматы қолданылады.
Жалпы, кеңесте Елбасы «Адамдар өз болашағына алаңдамауға, қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қорғалатынына сенімді болуға тиіс. Азаматтардың жеке басы мен мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Полиция жұмысы тиімділігінің негізгі критерийінің мәні осында» – деді.
Иә, адамдар қылмыстық әрекеттен қорғану үшін полицияға барады десек, бұл сала қоғам талабына толық жауап бере алуы керек. Басына іс түскен адаммен сыпайы сөйлесіп, заңдық тұрғыда мәселесін шешу керек. Бұл жолда Жолдаудан туындаған міндеттердің жүзеге асуы зор септігін тигізеді.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 2