ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУДІҢ МҮМКІНДІГІ
Елбасы Н.Назарбаеватың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы «Қазақстандықтар дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбымен жарияланды. Әрбір қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды құжат алты тараудан тұрады. Жолдаудың кіріспесінде Елбасы мемлекетіміздің саясатын айқындап, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді атап өтті.
Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі. Табыс пен тұрмыс сапасымен байланыстыруы Жолдаудың бірінші бөлімінде тарқатылып айтылған. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы бұрнағы жылдары да айтылып келетіндіктен, енді Үкіметке жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақыны өсіруге тапсырма берілді. Мемлекет пен адамдарды біріктіру арқылы табысқа жетуге мүмкіндік бар. Халық табысының өсуі, сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтумен байланысты.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жаңа жұмыс орындарын ашуға, бизнес өкілдерін қолдауға тиімді шара. Мемлекет басшысы бизнесті заңсыз қудалаудан қорғап, оларды «айыппұл мен салық» өсімінен босатуды тапсырды.
Екінші тарау «Тұрмыс сапасын арттыру» деп аталған. Мұнда әрбір отбасына қатысты мәселелер айтылады. Білім, денсаулық, тұрғын үй, қауіпсіз өмір. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі өзгерту қажеттігін, ол үшін саладағы біліктілік талаптары мен оқыту әдістері қайта қаралатынын ескертті. Орта білім беруде барлық мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі біріңғай стандарт болады. Мектепте оқып жүргенде-ақ оқушыны кәсіби бейімдеу, сұранысқа ие мамандыққа баулу маңызды болмақ. Осы салада орын алатын ең үлкен жаңалық «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданатыны. Аталған Заң мұғалімге жүктелетін жөнсіз міндеттерден арылуға мүмкіндік береді.
Медициналық қызметті цифрландыру жүйесіне көшіру арқылы сапасын арттыру мақсаты қойылды. Неғұрлым сапалы медициналық көмек көрсетілсе, соғұрлым адам өмірі де сақталады. Дені сау ұлттың қалыптасуы бұқаралық спортты дамыту мен адамдардың сапалы тамақтануына да байланысты. Алдағы уақытта Жолдауда көрсетілгендей дене шынықтыру кешендері салынып, Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылатын болады. Бұлар уақыт күттірмейтін өзекті мәселелер. Келесі тарау «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» деп аталады. Басында баспана болмай, отбасында маза болмайды. Елімізде «7-20-25» бағдарламасы басталғанымен, өңірлерде оның жүзеге асу қарқыны баяу. Ипотекалық тұрғын үй кешендерін салу жалақысы жоғары қызметкерлерге тиімді болғанымен, әлеуметтік әлсіз топтарға бұл қолжетімсіз екені рас. Сондықтан жалдамалы тұрғын үй құрылысын көптеп жүргізу мыңдаған отбасыға жаңа баспана болатыны – үлкен қолдау. Осы бөлімде Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алды. Полиция жұмысына көңілі толмайтыны, қарапайым халық сенімнен гөрі күдікпен қарайтын жағдайға жеткендігі айтылды. Кадрларды қайта іріктеу, үздіктерді ғана қалдыру халықтың өзін қауіпсіз сезінуге жол ашу салаға қойылған міндет.
«Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» атауын алған төртінші бөлім жаңа кезең жағдайындағы мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс деген сауалға жауап береді. Мұнда да сапаға үлкен маңыз беріліп, мемлекеттік қызметшінің басты қағидаты болуға тиіс деп белгіленді. Мемлекеттік қызметке қызығушылықтың артуы бос орынға үміткерлердің көбеюі дәлел болады. Қоғамды дендеген сыбайлас жемқорлықпен күрес толассыз жүргізіле бермек. Бұл тұрғыда электронды формат онымен күресудің бірден-бір жолы. «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы жемқорлықпен күресудің тәжірибесі ретінде таратылып, іске асады.
«Тиімді сыртқы саясат» – Қазақстанның бүгінгі бағытын айқындап тұр. Ресей, Қытай, АҚШ сияқты алпауыт елдермен серіктестік дамудың дәйекті түріне жеткізді. Инвестицияда көптеген мемлекеттермен тиімді қатынас орнаған. Бұл бейбітсүйгіш еліміздің табысы мен ел бірлігінің арқасы. Соңғы тарауда ортақ мақсатқа жұмылған қоғам туралы айтқан Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамға зор серпін бергенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялануы жалынды жастарды қай істе де қолдау табатындықтарын көрсетеді.
Қазақстандықтарды мәңгілік мұратқа жеткізетін маңызды құжат елді ынтымаққа, бірлікке шақырады. Бастысы бағындырар белес алда.
Б.ЖАНӘЛІ