БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН СЕНІМДІ КӨПІР
Бүгін ауданға қарасты Шаған ауылына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыссапарымен келіп, жиын өткізді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауындағы міндеттерді талқылап, түсіндіру барысындағы мәжіліске аудан әкімі ғ.қазантаев, облысәкімінің орынбасары Р.Рүстемов, «Нұр Отан» Партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев және аудан тұрғындары қатысты.
Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Ғ.Қазантаев жаңа Жолдаудың мән-маңызы ерекше екенін атады. Бұл жолы Мемлекет басшысы дәйектемелердің дұрыстығын тағы да нақтылай түсіп, ел дамуына тың серпін беретін бағытбағдарлардың жаңа кезеңін ұсынғанын жеткізді.
– Бүгінге дейін іске асырылған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Жол картасы-2020», «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» секілді мемлекеттік бағдарламалар аз уақыттың ішінде өз нәтижесін берді. Ендігі міндет – табысты елге айналу. Елбасы Жолдауда айтқандай, біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқарып, жаңа мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ете алдық. Қазақстанның халықаралық беделі артып, оның геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізілді. Бүгінгі кездесу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әлауқатын жақсарту: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша алдағы міндеттерді айқындауға арналады, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев Сыр елінің бүгінгі даму қарқыны көз қуантатынын атап, берекелі өңірге Елбасының биылғы Жолдауынан туындаған міндеттерді талқылауға келгендігін жеткізді.
– Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттар ел-халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Онда барлық салаға тың серпін беру керектігі айтылып, туындаған мәселелерді шешуде нақты тапсырмалар жүктелді. Кезекті Жолдау жүйелі сипатқа ие. Өйткені, әрбір бағыттың стратегиялық маңызы зор. Оны жүзеге асыруда әрбір қазақстандық атсалысу қажет. Оның орындалуын еліміздегі жетекші партия қадағалауда ұстайды, – деген Мәулен Сағатханұлы Жолдау жүктемелеріне жеке-жеке тоқталды.
Ең алдымен, халық табысын өсіру тұрғысында тиімді реформалар жүзеге асырылмақ. Осының негізінде, ең төменгі жалақының 1,5 есеге өсуі еңбегі ең төменгі тарифпен бағаланатын халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін ынталандырады. Сондай-ақ, бұл жұмыс берушінің жұмыскердің еңбегіне төмендетілген ақы төлеуінен қорғайтын болады.
Келесі кезекте тұрмыс сапасын арттыру міндеті тұр. Мұнда білім сапасын түбегейлі жақсарту, педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру, сонымен қатар, медициналық көмектің қолжетімді болуы, халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануына қалыпты жағдай жасау мәселесінде оңтайлы жұмыстар ұйымдастырылуы шарт. Бұл тұста, атқарылар жұмыс ауқымды.
Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру басымдығында Елбасы тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндетін айқындап берді. Осыған орай, аймақтағы «Орда» бағдарламасы халық үшін тиімді жоба және оны республикадағы өзге өңірлердің тәжірибесіне ендірген тиімді екенін атап өтті М.Әшімбаев. Оған қоса, қауіпсіздік – тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі деп айқындалған құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізілу де осы Жолдаудың негізі екенін жеткізді.
Сонымен бірге, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы, тиімді сыртқы саясат басымдығындағы міндеттер, бұлар бойынша жүктелген тапсырмалар жүйелі жүзеге асатын болады. Аталған басымдықтардың орындалуында «Нұр Отан» партиясы тарапынан айрықша жұмыстар атқарылмақ. Жауапты іске жетекші партия жауапкершілік танытып, сыбайластыққа жол бермеу, әрбір тапсырманың жүйелі іске асуы, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына тікелей бақылау жасайды. Әрбір басымдықтың нәтижелі болуына атсалысады.
– Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жолдаудың талаптарын орындау – баршамыздың міндетіміз. Бұл Жолдау – болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Президент осы мақсатқа жетуде бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек екендігін де баса айтты. Бұл істе бекем бірлігіміз бен тату тірлігімізді көрсете алсақ, еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз», – деді Мәулен Сағатханұлы.
Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ауданда түйткілді мәселелер түбегейлі шешімін тапқанын тілге тиек етіп, республикадағы үлгілі аудандардың бірі екенін ерекше атап айтты.
Жиын барысында Жолдаудың негізгі міндеттері жөнінде әр саланың өкілдері мінберге шығып, пікірлерін білдірді. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Шаған-Жер» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Б.Қадыров, білім саласының ардагері Ұ.Жанәлиева, жас маман А.Жәкиева өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Келелі мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы серпілісті істерді ауызбірлікпен атқарып келе жатқан аудан жұртшылығы Ел Президентінің Жолдауын ықыласпен қабылдап, жүзеге асуына бірауыздан қолдау көрсететініне сенім білдірді. Ауданға арнайы сапармен келген құрметті меймандарға аудан халқы атынан алғыс білдірді.
Е.БЕРКІНБАЕВ