Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН» ҚОРЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ТОЛЫҚТЫ

«ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН» ҚОРЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ТОЛЫҚТЫ


«Әлеуметтік дүкен» жанында тұрғанымда бір шопыр кісі:
– Бұл жерде азық-түлік арзан ба? – деп сұрады.
– Арзан, – дедім.
– Қаншалықты арзан? – деді артынша.
– Көпбалалы отбасыларға жарты бағасына дейін арзандатылып беріледі, – дедім. Әлгі кісі:
– Е-е, бұл жақсы екен, – деді басын шайқап.
Көпбалалы және аз қамтылған от­басыларға көмек көрсету мақсатында аудан орталығында «Әлеуметтік дүкен» жұмыс жасап келеді. Мұнда аталмыш отбасыларға 30 және 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Нарықтық баға қан­ша өзгергенімен дүкенде бастапқы баға сақталған. «Әлеуметтік дүкендегі» азық-түлік қоры жомарт жандардың, кәсіпкерлер мен ша­руа­шылықтардың, мұнай компанияларының демеу­шілігімен жасақталып келеді.
Кеше аталған дүкенге «TuzkolMunaiGaz» ком­паниясының өкілі Мұрат Исағұлов және «Жас­тар мәселелері орталығы» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Б.Егізбаевамен бірлесіп, 2,5 тонна азық-түлік әкеліп, қайы­рымдылық көр­сетті. «Әлеуметтік дү­кенде» «Сыр­дария ауданының әйел­дері» қо­ғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жа­нәлиева аз қамтылған және көп­ба­лалы отбасыларға тиісті мөлшерде, арзан бағада азық-түлік берілетінін айтты.
– Қазір базарға немесе дүкенге ба­­рып он мың теңгеге аз ғана зат аласыз. Ал «Әлеуметтік дүкенде» сол қаражатқа қажетті бес түрлі азық­ты молынан алуға болады. Бұл осы ел азаматтарының халыққа деген жанашырлығы, – деді Ұлмекен Шанайқызы. Өз кезегінде компания төрағасы мұндай қайырымдылық тұрғындарға көмек екенін айтып, оған ат­салысқанына қуанышты екенін жеткізді.
Мұнан соң аудан әкімі Ғанибек Қазантаев компания төрағасын қа­былдап, сыр­да­риялықтарға көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Кездесу барысында аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды айтты. Серпінді істердің арқасында аудан биік белестерді бағындырып келе жатқанын тілге тиек етіп, «Алғыс хат» табыс етті. Онда «Аудан әкімдігі мен халқы атынан Сырдария ауданының әлеу­меттік-экономикалық дамуына қос­қан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. «Tuzkol­Mu­nai­Gaz» компаниясы Сырдария ауданы әкімдігінің бастамалары­на қол­дау көрсетіп келеді. Бүгінде аудан әкімдігі мен компания арасында тығыз әріптестік байланыс орнатылды. Алдағы уақытта да бірлесе жемісті еңбек етеміз деп сенемін» делінген.
Қабылдауда блогер Д.Эшатова аудандағы ашықтыққа негізделген жұмыстарға оң баға берді.
Сондай-ақ, осы күні «Қызылорда жолдары» ЖШС өкілдері де игі іске мұрындық болды. Серіктестік дүкен қорына 5 тонна ұн, 1,5 тонна күнбағыс майын түсіріп, жақсылыққа үн қосты. Осылайша, кешегі күні «Әлеуметтік дүкен» қоры мол азық-түлік өнімдерімен толықты.
Тағы бір айта кететін жайт, осы дүкен ашылғалы бері «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тұр­ғындарға киімдер тегін үлестірілуде. Яғни, дүкенге халықтан таза киімдер келіп түседі. Оның ішінде, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған киімдер бар. Дүкен тұтынушылары өздеріне сәйкес ке­літінін алып, тұтынады.
– Қолымыздан келгенше жақсылық жасаудамыз. Тұрғындар өздерінің таза киімдерін осында әкеліп қояды. Оның ішінде, жаңа киімдер де бар. Мұны аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға септігіміз тисін деген ниетте ұйымдастырдық, – дейді бірлестік төрайымы Ұ.Жанәлиева.
Иә, кенттегі көптеген отбасы осы дүкеннің игілігін көріп келеді. Олардың ел азаматтарының жасап жатқан осындай жақсылықтарына тек алғыстан басқа айтары жоқ.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 маусым 2019 ж. 1 261 0