ЖАҢҒЫРҒАН МЕРЕКЕ – ЖАРАСЫМДЫЛЫҚ СИМВОЛЫ

Былтыр бастау алған аудандағы жаңашылдық Ғ.Мұратбаев көшесінің 95, 95(Б), 96 үйлерінің тұрғындары арасында етене таныс. Жыл көлемінде белсенділігімен танылған жастар мен жасөспірім баланың барлығы осында жиналады. Мақаламызға арқау болып отырған мереке биыл екінші рет аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен “Сырдария ауданының әйелдері” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Осы жылғы мереке барысында аталмыш үйдің балалары арасында түрлі ойын мен спортттық жарыс ұйымдастырылды. Оның ішінде ұлттық ойынымыз асықтың рөлі артып, дәстүр сабақтастығы жалғасын тапты. Белсенділік танытқан қыздар ән айтып, би биледі. Кішкентай бүлдіршіннің көбісі тақпақ айтып, тәтті қылығымен көпшілікті тәнті етті. Өз кезегінде аула тұрғыны Г.Қазақбаева, Г.Федотова, Г.Сардарбекова сөз сөйлеп, қашанда ауызбірлігімен көпшілікке танылған көрші татулығын атап өтті. Үнемі қиыншылық пен қуанышта қатар жүретін әрбір тұрғынның өзінің орны бар. Жұмылған жұдырықтай бір арнаға ұйысатын үлкен буыннан жастар үлгі алады.
Шараның қорытындысында “Сырдария ауданының әйелдері” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева аталған шараның маңыздылығына тоқталды. Жыл сайын дәстүрге айналған шарада әрбір жас ана мен бірқатар немересін жетектеген әжеге сый-құрмет көрсетті. Ал, балаларға балмұздақ пен ойыншық таратты.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ