БІР ЖЫЛДА 796 СӘБИ
Жалпы көпшілік арасында «Алтын алқасын» таққан ақ жаулықты ананы көргенімізде ішіміз жылып сала береді. Өнегелі жолмен ұрпағын тәрбиелеген ананың көрегенділігі көпке үлгі. Жас отбасында алғашқы орынға қойылатын мәселе дүниеге саналы ұрпақ әкелу екені рас. Жыл сайын демографиялық туу көрсеткіш өсімі жоғарылап, әр шаңырақ бір жанмен толығып отырады.
Қашанда Тәңірдің бергенін көпсінбейтін қазақ халқында жекелеген баланың өз несібесі бар деген ниетпен жас отбасыны перзент сүюден шектемеген. Қай кезде де ұлтымыздың қызы қылықты, ұлы қамшы ұстар ержүрек болып есейген. Қыздың көрегенділігі, ақылдылығы, биязы қалпы, анадан алған тәлімі, ұлдың іске ептілігі мен пысықтығы, табандылығы мен мықтылығы ерекше рөлге ие. Осы ретте оқырман назарына ұсынылған таразы өлшемі айдарының кезекті зерттеуі аудан көлемінде өткен жылы қанша ұл мен қыз дүниеге келгені жөнінде болмақ.
Негізінен Сырдария ауданы облыс орталығына біршама жақын орналасқандықтан жүкті әйелдерді босандыру үшін аймақтағы «Ана мен бала» орталығына жолдама беріліп отырады. Бұдан бөлек аудандық перзентхананың жұмысы күннен-күнге жетіліп, жаңа технологиямен жабдықталу үстінде. Босануға қабілеттілігі жоғары кез-келген әйелдің денсаулығын жіті қадағалауда ұстап, дені сау ұрпақ әкелуге күш жұмсалуда. Ең бастысы баланың ана құрсағында дұрыс жетілуінде нағыз кәсіби тұрғыдан дәрігердің ықпалы зор. Осы ретте амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Ә.Искендированың берген мәліметіне сүйенсек өткен жылы кесте тігер қыздарымыздан, атқа қонар ұлдарымыз көбірек дүниеге келген. Таразы басынан орын алған ұл баланың дүниеге келу көрсеткіші 411 болса, 385 қыз бала дүниеге келген. Бұл дегеніміз аудан халқының қатарына 796 тұрғын қосылғандығына айқын дәлел. Биыл қаңтардың өзінде аудандық перзентханада 37 әйел босанған. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселенетін болады.
Осы оймен келе жатып көше бойынан жанына екі-үш жасар баласын жетектеген бірнеше әйелді кезіктірдік. Емхана дәлізінде де болашақ аналар аз емес екен. Жүктілік кезеңді жақсы өткізу үшін барынша денсаулыққа күтім жасау міндетті. Өйткені, ана құрсағында жатқан әр бала ертеңгі күні еліміздің белсенді мүшесіне айналатыны анық. Сондықтан ауданның денсаулық сақшылары алдымен ана мен баланың денсаулығы мықты болуы үшін барлық жағдайды жасап бағуда. Бала көтергеннен бастап, оны ай сайын тексеруден өткізіп, денсаулығында ақауы бар болса оны білікті мамандарға көрсетіп, қолдан келер ем-дом жасауға ұмтылуда. Арнайы құрылған «жасыл дәліз» жүкті аналар үшін нақты, айқын бағдаршам іспетті. Сондықтан әр ана дәрігер бақылауында болуы тиіс. Әдетте әйелдер басанғанда пендешілікке салынып, «қыз ба, ұл ма?» дейтініміз бар. Таразының басын кім басса да дені сау ұрақтың өмірге келуі, оның анасының аман болуы біздің қоғам үшін басты мәселе.
Балтабай ОРДАБЕКОВ