Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС

КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС


Қазақстан экономикасының негізгі бөлігі салық базасын ұлғайтудан жиналады. Елбасының айрықша тапсырмасының арқасында бүгінде өңірлерде шағын және орта бизнес құлашын кеңге жаюда. Биылғы жыл өңірімізде кәсіпкерлікті қолдау жылы деп аталып, бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуда қарқынды жұмыстар тиісінше жүзеге асырылып келеді. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысуға жергілікті тұрғындарды тарту және жастардың басым бөлігін кәсіппен айналысуға бейімдеу басты мақсат.
Жақында кент мәдениет үйінде кент әкімдігі аппараты мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастармен кездесу жиыны өткізілді. Шараға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиал директоры Фархад Әбжаппаров, аудандық мәслихат депутаты Ержан Жақыпов, кент тұрғындары қатысты.
Жиынды ашқан Ержан Жақыпов қазіргі таңда аудан көлемінде жастар саясатының біркелкі жүзеге асып келе жатқандығын тілге тиек етіп, жастар арасындағы теріс түсінікті жойып, белсенді қоғам құрып, өмірге бейімделу жолдарын қарастыру керектігін айтты. Бүгінде орталықтың жұмысы бір жүйеге қойылып, жастармен жан-жақты жұмыс жасауда тиімді ұйымдастыру шараларын жүзеге асырып келе жатыр. Сала мамандары шет орналасқан ауылдарға барып, жастардың талап-тілектерін тыңдап, идеяларын қолдауға өзіндік септігін тигізуде. Сонымен қатар жастардың әлеуетін көтеруде орталықпен тығыз байланыс орнатуға жұмыстар лек-легімен жалғасын табуда. Осы орайда орталық басшысы жиналған жастарға кез-келген уақытта мамандар кеңесіне жүгініп, қоғамдық өмірге белсене атсалысуға шақырды. Биылғы жылы өңірімізде кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланғаны белгілі. Кәсіпкерлікпен айналысуға жас­тарды тарту мақсатында Фархад Әбжаппаров казіргі таңда кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндіктерді атап көрсетіп, өзі басқаратын мекеменің қызметін таныс­тырды. Сала мамандары негізінен енді кәсібін ашқалы отырған азаматқа заң бойынша тегін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ бухгалтерлік есептерді жүргізу, маркетингтік бизнес-жобаларды даярлау, мемлекеттік гранттарға ұсыным жасауды үйретеді. Кәсіпкерлікті тиімді жүргізуге байланысты курстар өткізіледі. Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі кәсіп ашуға бейқамдық танытады. Қолдау бар жерде алға жылжу қатар жүреді. Аудандағы жастардың қызығушылығын арттырып, ақпараттық технологияларды меңгеруге жағдай туғызылуы өзіндік қызмет бастауына себепші болады.
Жиын соңында жастардың көпшілігі көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптарын алды. Өз кезегінде кез-келген уақытта жастардың мәселесі бей-жай қалмайтындығын түсіндірді.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
03 наурыз 2018 ж. 1 307 0