Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РАИСА ӘЖЕЙ

РАИСА ӘЖЕЙ

Әлі есімде бала күнімнен көше тұрғындарының бірлігі бір арнаға ұйысып, берекесі тасып, қазаны оттан түспейтін. Бала біткеннің әдеті емес пе, Кішкентайымыздан үй көрмей, топ бала асыр салып ойнайтынбыз. Қас қарайғанша жүріп, ойынның қызығына батамыз. Сол уақытта көрші Рая әжей сөмкесін арқалап, ойға шомылып жұмыстан келе жатқан. Дүкенге бара қалса көше балаларына тәттісін алып, үлестіріп береді. Үлкендеріміз қолындағы сөмкесін көтерісетінбіз. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын Раиса Багиева бүгінгі күні жетпіс жеті жасқа келген аяулы жан.
Сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Қап тауынан Қазақстанға табан аударып, осында бой жеткен оның жадында өткен өмірі қаз-қалпында сақтаулы. Қазақ отбасымен көрші болып, бір нанды бөле жеген ол ұлтымыздың қамқорлығын еш уақытта ұмытқан емес. Салт-дәстүрді берік ұстанған оның көршілері сол уақытта қазақы ғұрыптың бастау бұлағынан сусындап, қазақтың бір баласындай болғаны да рас. Себебі, екі жасқа толған шағында кенеттен әкесі қайтыс болып, анасының қолында қалды. Қиындықты аз татпаған анасы Раиса алты жасқа келген кезінде бақилық болды. Осылайша, ана мейірімі мен әке шапағатын сезінбеген бүлдіршін нағашыларының қолында тәрбиеледі. Бір кезеңде нағашыларымен бірге еліне көшіп барып, сол жақта тіршілік етіп, есейеді. Қазақстанға жолы түскен шақта ауданға қонақ болып келген қызға қармақшылық жігіт үйленуге ұсыныс жасайды. Еш ойланбастан келісім берген Раиса еліне қайтпай, кең байтақ қазақ елінің бір азаматшасына айналды.
Жиырма жылдай отасқаннан кейін арада бала болмаған соң күйеуінен ажырап, Тереңөзекке келеді. Мұнда түрлі жұмыстарды атқарып, өз әріптесі Әлимен отасқан.
Осында ширек ғасырдан астам уақыт тұрып келе жатқан Раиса Багиева кенттегі байырғы басылым атымен аталған «Еңбек туы» көшесінің тұрғыны. Жастайынан ауыртпалықты көп көрген Раиса әжей құрылыстың қыр-сырын игеріп, талай үйлерді тұрғызуға үлес қосты. Толассыз қиындыққа толы жылдардың ізі қатпарлы әжімінен анық байқалады. Қазақтың ортасында жүріп тілді жетік меңгерген кейуана қазақша ойлап, ана тілімізде еркін пікір алмасады. Сонымен қатар, бұрыннан есте қалған қызықты шақтарын үнемі еске алып отырады.
– Мен бала кезімде көршімнің ауласынан шықпайтынмын. Баласымен бірге ойнаймыз. Үнемі аулада егде тартқан ақсақал отыратын. Немерелері көке деп жанынан шықпай қояды. Мен де солармен қатар көкемнің қамқорлығын көп көрдім. Өзінің немересіндей көріп, ірімшік, сүт, айран, құрт беріп, ешуақытта бөлектемейді. Ерекше есімде қалғаны құрттың суынан жасалатын бринзаның дәмі тіл үйіретін, – дейді Раиса әже.
Бүгінде көпшілік Рая деп атап кеткен шешен ұлтының өкілі тұрақты кент тұрғыны атанған. Арасында тарихи Отанына көшкісі келеді. Бірақ, жылдар бойы үйренген Қазақстаннан ірге көтеріп, кеткісі де жоқ. Раиса әжейдің бір ерекшелігі – кішкентайынан үй жануарларына қызығушылығы басым болған. Осы күні үйінде оншақты мысықты асырап, күнделікті күтімін жасайды.
– Кейде бір жерге бара қалсам үйге қайтуға асығамын. Өйткені мені іздейтін мысықтарым бар. Әркез жалғызсыраған сәтте осылармен сырласып, мұңымды айтамын. Құдды адам тілін түсінетіндей бұлар да ерекше әсер қалдырады. Сондықтан барымды осылардың аузына тосамын, – дейді әжей.
“1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні” қарсаңында әжейдің шаңырағына бас сұққанымызда бақша ішінде жеміс талдарын күтімге алып, жерге өңдеу жасап жүр екен. Әр күні осылай тынымсыз өтетін әжейдің денсаулығы да сыр бере бастағандай. Сонда да еңбектен қол үзбеген. Күнделікті қозғалыстың арқасында жалғыздықты жеңіп келеді. Осы ретте, мерекемен құттықтай отырып, Раиса әжейге зор денсаулық тіледік.
P.S. – Бала кезімде ойынның түбін түсіріп, көрші Ұлпан әжейдің үйіне баратынмын. Көлеңкеде отырған Бақтыбай көкем тосыннан сауал қойды. Жұртшылық оны “Мамай” деп атап кеткен. «– Әй, Балтабай, ана бойдақ шешен кемпірді не істейміз? Қалың малын алып, ұзатамыз ба? Сен көшеде көп жүресің ғой ана әжеңе шал қарастыра жүр» деп маған қолқа салатын. Күнделікті жұмыстан қайтқан әжені көріп қалсам, жұмыстан шаршап келе жатқанына қарамай Рая әжеймен үйіне дейін еріп келіп “– Әне бір шал келмей жүр, келген бойда Бақтыбай көкем екеуміз сізді ұзатамыз да, көп ақшаға кенелеміз деймін». Балалық па, осы сөзді шын көретінмін. Сонда Рая әже: – Әй, Балтабай, ана Бақтыбай көкеңнің айтқанына ерме, ол мені қағытып, әзілдей береді. Біраз жасқа келген мені кім алады дейсің бүгінде, одан да жаныңда жүре берейін, – дейді. Шіркін-ай, десейші. Балалық шақтың тәтті естелігі. Осы күні Бақтыбай көкем түйе қарап кеткелі мен де Рая әжемен қалжыңдаспайтын болдым. Мүмкін ес кіргеннен болар.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

30 сәуір 2019 ж. 737 0