ЖҰЛДЫЗДАР ЖАРҚЫРАҒАН КҮН

Аудандық мәдениет үйінде халықаралық, республикалық пәндік олимпиадаларының, ғылыми жоба, спорт, өнер байқауларының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Оқу жылының соңғы күндерінде аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Мәңгілік елдің жастары-Нұрлы болашаққа» атты кешке ауданның абыройын асқақтатып, болашақта Сыр елінің даңқын асырып, биік жетістіктерге жеткізер мақтаныштары қатысты.
Білім саласы оқу жылын толағай жетістіктермен аяқтады. Соның ең негізгісі аудан 2018-2019 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық пән олимпиадасының қорытындысымен үздік нәтижелері үшін ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда-2019» кубогы мен дипломмен марапатталғанын атап өткен жөн.
Бұл жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Баян Суюбаева айтты.
– Биылғы оқу жылының өзінде білім, өнер, спорт байқауларында – 174 оқушының жеңімпаз атануы – аудан үшін зор жетістік деп білемін. Оның ішінде халықаралық – 5, республикалық – 53, облыстық – 116 оқушы мерейімізді асырды.
Осындай жетістіктерге қол жеткізу, құрметті де абыройлы мамандық иелері, яғни ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі екендігін атап көрсеткім келеді.
Ауданымыз 2018-2019 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасының қорытындысымен үздік нәтижелері үшін Сырдария ауданы командасы ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда-2019» кубогы мен дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар, балаға жақсы тәрбие мен нәтижелі білім беріп, өмірге бейімделіп қалыптасуына жағдай жасап отырған ата-аналар қауымына шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Баян Орынбекқызы.
Мұнан саң салтанатты кеш марапаттау рәсіміне ұласты. Талантты оқушыларға аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың Алғысы мен естелік сыйлық тапсырылды.
Марапат төрінен көрінген дарынды оқушылар атынан №36 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы, республикалық пән олимпиадасының күміс медаль иегері Еркебұлан Сағатбаев алғыс айтты.
Жүрекжарды лебізін ата-аналар атынан №135 орта мектептің ата-анасы Ортай Үмбетова білдірді.
«Нұрлы болашақ» акциясы аясында талантты жас дарынды қоғамға таныту, жігерлендіру, дәріптеу мақсатында өткен шара жас өнерпаздардың концертіне ұласты.
Б.ЖАНӘЛІ