Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БИІК ШЫҢНАН КӨРІНДІ

БИІК ШЫҢНАН КӨРІНДІ


Білімді ұрпақ – ел ке­лешегі екендігі белгілі. Бүгінде жас­тар жан-жақ­ты ізденіске ұмтылып, ғы­лым жолында еңбек етуде. Өзіндік қызығушылығын біліммен ұштастырып, жетістікке жеткен ауданымызда жас­тар қатары баршылық. Соның бір дәлелі Сәкен Сейфуллин ауылынан №137 орта мектебінің 10 сынып оқу­шысы Маманова Мөлдір Берікқызы биылғы оқу жылын табысты бастады.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба конкурсында ол жүлделі екінші орынды еншіледі. Мөлдір Берікқызы аталған конкурстың аудандық кезеңінде бірінші, облыстық кезеңнен үшінші орынды еншілеген болатын.
Алматы қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсына аймағымыздан он тоғыз оқушы қатысып, сегізі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Соның ішінде бір оқушы мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Сырдариялық бойжеткен облыс намысын абыроймен қорғап, биік тұғырдан көрінді. Қаршадай қыздың үлкен дәрежеге қол жеткізуі қуанарлық жағдай. Бұл ретте жетекшісі Ербол Сайлауұлы мен ғылыми жетекшісі Бақыт Қалиевтің еңбегі зор.
Мөлдір Берікқызы отбасында төрт ағайындының үлкені. Жақында білімді қыз Қарағанды қаласында өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауында жүлделі үшінші орынды иеленген. Алдағы уақытта талапты қыздың талантына қызыға қарайтындар қатары көбеюде. Өз өмірін өнер саласымен байланыстырғысы келетін бойжеткен ғылыми ізденістерін тоқтатпақ емес. Қайта жобаларын пысықтап, алға қойған мақсатына ұмтылуды ойлайды. Ендеше, Алатау баурайынан күміс алқа тағынған білімді аруға сәттілік серік болғай дейміз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
03 наурыз 2018 ж. 1 730 0