ЖАҢА ҮЙ – ЖАЙЛЫ БАСПАНА
Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі аудандағы ең маңызды міндеттің бірі. Жыл сайын құрылыс алаңдарын кеңейту, қолжетімді тұрғын үй кешендерін салу басты назарда.
Өткен жылы ауданда 16,4 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның игілігін ең алдымен үй кезегінде тұрған, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, бюджеттік мекеме қызметкерлері көруде. Соңғы жылдары кентте ірі тұрғын үй кварталы бой көтергенін ел-халық жақсы біледі. Бұл құрылыс кентке кіреберіс аумаққа салынып, кент ажарын аша түсті.
“Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен салынған 3 қабатты 2 тұрғын үй кешені аз уақытта аяқталып, 42 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Қарқынды басталған құрылыс биыл да жалғасын тауып, тағы да қос тұрғын үй кешенін салуға республикалық бюджетке ұсыныс берілген. Құрылыс нысандарын тұрғындар игілігіне беру дәстүрі қалыптасқан ауданда биыл да жаңа тұрғын үй кешені бой көтеретініне сенім мол.
Сондай-ақ, кентке қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданында қатарынан екі жылда 20 үй құрылысы жүріп, кезектілікте тұрған халық қоныс тойын тойлады. Кент келбетін айшықтай түсетін жаңа үйлер мұндағы тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді жолы екенін айғақтайды. Мұның өзі аудан үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.
Айта кету керек, бүгінде ауданда 400 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олар алдағы уақытта кезектілікке сәйкес баспанамен қамтылатын болады.
Б.ЖАНӘЛІ