Бұрнағы күні ауданда өңірлік коммуникация қызметі мен аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша республикалық және аймақтық БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз-туры өткізілді.
Соңғы жылдары аудан көлемінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көрсеткіш едәуір артып, тұрғындар игілігіне жарап тұр. Былтырғы жылы 10 тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал, қазіргі таңда кентке кіріберіс бөлігінде көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары аяқталған мезетте жыл соңына дейін жалпы саны 36 пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасымен және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетін болады. Жалпы осы аумаққа бұдан бөлек 7 тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Құрылыс барысында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы тілшілер сауалына аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Әбдуов, учаске басшысы Қ.Әбдіреев жауап берді. Негізінен құрылысты мердігер мекеме «Дәнекер ҚК» ЖШС жүргізіп жатса, техникалық қадағалаушы «Қайнар Инжиниринг» ЖШС болып бекітілген. Тұрғын үйлерді салуға облыс аумағында өндіріліп, шығарылатын құрылыс материалдары пайдаланылады.
Б.ОРДАБЕКОВ
Пікір 1