Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨК ТАРЛАНДАРЫ:

КӨК ТАРЛАНДАРЫ:

“... 521, 522, 523. Оңға қарадым, солға қарадым, күмбез (купол). Біз көк тарландарымыз...”
Қазір әрбір үйдің төрінде сандық бар. Сол сандықтың түпкі бір бұрышында кем дегенде екі-үш альбом жатыр. Оның біреуі міндетті түрде үйдегі ер азаматтың әскерден алып келгендегі альбомы. Ішін аша қалсаң, әскери өмірдің айқын көрінісін көресің. »
Мұндай альбом біздің үйде де бар. Әкем Мәскеуде Отан алдындағы борышын өтеген. Ол кезеңде әскерге бару екі жыл болған. Қалың альбомды ашқанда алғашқы бетінде әкемнің жап-жас кезі. Басында әскери құлақшын, парадтық киім, жалтыраған саптама етік. Жарасымды. Кеудеде мақтаныш сезімі ұялайды. Одан кейінгі беттер сол екі жылдағы қызық та қиын әскери өмірдің көрінісі. Барлық суретте абыройлы борышын атқарып жүрген сарбаздардың бойы тік, тұрыстары нық. Қайта-қайта қарай бересің. «Өскенде мен де әскерге барамын» дейсің іштей. Бала кезде бізге сол альбомды көрсетіп отырып әкем: «Ер жігіт – елінің қорғаны. Сондықтан әрбір азамат Отан алдындағы борынышын өтеуі міндет. Өскенде сендер де осы жолдан өтулерің керек» деген болатын. Әкенің балаға тапсырмасы, одан бөлек, бұл ер жігіттің бұлжымас борышы.
Ер жетіп, иықты жігітке айналдық. Оқуды бітіріп келген кезім. Алдымда екі таңдау тұр. Бірі – жас маман болып, қызметті бастау. Екіншісі – әскер қатарына алынып, міндетті борышты өтеу. Оқуды енді бітіріп келген маманға жұмыс бірден табыла қоймайды. Десе де, іздеген адам жұмыс табары анық. Бірақ ер жігіт ретінде әскери өмірді таңдау заңдылық. Өйткені, қай уақытта да елдің ауыртпалығы ер азаматқа түседі. Сол қиындықты еңсеруге үйрететін бірден-бір жол – әскери өмір. Оған қоса, әкенің тапсырмасы бар. Оның алдында мақтаулы болу, абыройына нұқсан келтірмеу – балаға міндет.
Әскерге шақыру келгенде бірден аудандық қорғаныс бөліміне бардым. Жан-жақтан көптеген жігіт жиналған. Тексеру комиссиясынан өтіп жүр. Ауданнан өткендер, облысқа барады. Мен де облыстық комиссияға жолдама алғандардың бірімін. Қатар жүргендердің кейбіреуі әскери билет үшін бармақшы екен. Негізі, әскерге баратын жігіттер дене тұрпаты, бой-салмағына қарай сұрыпталады. Сол бойынша әр ауданнан жиналған елу жігіт аэроұтқыр әскері қатарына алындық. Әскерге шақыру келгеннен айналасы бір аптаның ішінде соған дайын болдық.
Елу жігіт Қызылорда вокзалында тұрмыз. Бәріміздің шашымыз алынып, басымыз «тақыр». Бір-бірімізді ажырату қиын. Сапқа тұрғызды. Кешегі балаң бозбалалар әскери тәртіпті білмейді. Әр жерден у-шу етеміз. Абыр-сабырмен әйтеуір пойызға міндік. Шығарып салып жатқан ата-анаға қол бұлғап әлекпіз. Пойыз ақырын қозғалып, Қызылордадан алыстай бастадық. Алдымызда әскери өмір күтіп тұр.
Бір тәулік дегенде Алматыға келіп жеттік. Әлі де еркін жүріп қалған елу жігіт перронда сап түзеуді білмей, жан-жағымызға алақ-жұлақ қараймыз. Командирлер пәрмен беріп, бәріміз бізді күтіп тұрған әскери Камазға міндік. Содан Алматыдағы арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы бригадасына келіп, әскери бөлімге кіргеннен міндетті борышымыз басталды.
Мұнда алғашқы күннен Халық Қа­һарманы Бауыржан Момышұлының «Тәр­тіпке бас иген құл болмайды, тіртіпсіз ел болмайды» қағидасы ай­тылып, елімізден топтастырылған сар­баздар саптық дайындықтан өтті. Әскери қатаң тәртіп бар. Бұрынғыдай еркін қозғалып тұру жоқ. Бәрі рұқ­сатпен, уақытылы. Үйдегідей барлығы дайын тұрмайды. Бәрін де өзің істей­сің. Тазалық сақтау – басты талаптың бірі. Екі аптаның ішінде әскери киім киіп, сол өмірге бейімделген біз бірдей қадам жасайтын болдық. Содан кейін қандай жағдайда да елді, жерді қорғайтынымызға салтанатты түде ант бердік. «Ер жігіт екі сөйлемейді». Сондықтан әркім сертіне адал болып, оны бұлжытпай орындауы тиіс.
Ант қабылдағаннан соң әскери дайындықтан өтіп, түрлі әдіс-айланы үйрендік. Қиындықтар арқылы шыдамды, төзімді болып, «бәріміз біріміз, біріміз бәріміз үшін» бірге жүрдік. Кез келген жағдайда қасыңдағы досыңды дұшпанға қалдыруға болмайды. Бұл әскери заңдылық. Жарақат алса, оған көмектесіп, кез келген жерден алып шығуың керек. Осындай жаныңдағы жауынгермен мызғымас достықтың арқасында ел тыныштығын қамтамасыз етесің. Бір жылдың 8-9 айын оқу-жаттығумен өткізсек, аталған жағдайға көп кездестік.
Бірде бізді Алматыдан 300 шақырым алыс жерге қару-жарақ, қажетті азықпен қамтып, тактикалық әдіспен казармаға жету тапсырмасы берілді. Оқу-жаттығу барысында түрлі айла әдістер жасалады. Сондай тактика кезінде жанымыздағы жолдасымыз жарақат алып, жүре алмай қалды. Қолымызда 15-20 келі келетін миномет қаруының бөліктері бар. Бірақ «Жаттығуда қиын болса, соғыста жеңіл» деген. Ұрыс даласында жанындағы серігін қалдырған ерге сын. Сондықтан взвод жігіттері жолдасымыздың қаруын алып, өзін көтеріп казармаға жеткеніміз бар. Достықтың, бауырмалдықтың қадірін сол кезде түсінеді екенсің.
Негізі, десанттық-шабуылдау әскерлері – ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысының резерві болып саналады. Олар әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел шешуге, мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кенеттен туындаған жағдайларды орындайды. Елде және сырт жерлерде де бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерін орындауға қатысады. Бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген бағыттар мен аудандарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға әрдайым дайын тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бітімгершілік бағытты ұстанып, ел тыныштығын қамтамасыз етеді. Олар арнайы тапсырманы жедел әрі нәтижелі орындайды. Бұл үшін десанттар әуеден түсіп, жылдам шешім қабылдайды. Сондықтан да аэроұтқыр әскерлерін «Көк тарландары» дейді. Арнайы тапсырманы мүлтіксіз орындайтындары үшін олардың ұраны: «Бізден басқа ешкім емес!».
Біз де белгілі уақыт ішінде ұрыс даласындағы тактиканы меңгеріп, көк тарландары атандық. Көктен жерге түсудің өзі бізге ерекше қырағы, батыл болуға үйретті. «521, 522, 523. Оңға қарадым, солға қарадым, күмбез (купол). Біз көк тарландарымыз» деп айғайлап, 800 метр биіктіктен түсіп, өзімізге жүктелген тапсырманы орындап шықтық.
Әскери өмірден біз көп нәрсені үйреніп, ата-ананың, дос-бауырдың, тыныштықтың, бейбіт өмірдің қадірін білдік. Соны ұғына жүріп, ел тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қостық.
Көзді ашып-жұмғанда бір жыл уақыт зымырап, елу жігіт Қызылорда вокзалынан түстік. Қаз-қатар сапта тұрмыз. Әуелгідей улап-шулау жоқ. Басымызда көк берет, парадтық китель, жалтыраған етік. Командирлер алғыс білдіруде. Ал біз бәріміз бірдей: «Қазақстан Республикасына қызмет етеміз!».

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 мамыр 2019 ж. 1 183 0