ӘСКЕРДЕН ЖАЛТАРУ – ӨЗ ОТАНЫН, ОТБАСЫН ҚОРҒАУДАН БАС ТАРТУ
Қуатты мемлекет болу үшін оның қуатты әскері болуы керек. Ол үшін әскерге жарамды әрбір азамат әскери борышын өтеуі, өз Отанына қызмет етуі шарт.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен 2017 жылдың қорытындысына сәйкес облыс бойынша медициналық шақыру комиссиясына келмеген азаматтар саны 72. Облыстық ішкі істер органдарымен бірлесіп, атқарған жұмыс шеңберінде мекен жай бойынша орналасқан, жергілікті басқару органдарына (военкомат) келмей, іздеуде жүрген 54 азамат табылған. Ондай азаматтардың ұзын саны облыс аудандары бойынша 309 адам болып отыр. Ал, Сырдария ауданы бойынша әскерге барудан қашып, жалтарғандар саны – 12.
Қазіргі таңда әскери міндетті өтеу мерзімі 1 жылдан аспайды. Осы жыл аралығында жастар дербес өмірге үйреніп, бойында өз-өзіне деген жауапкершілік сезімі оянады. Ағайын-туыстың, туған жердің қадірін білетін болады. Өзін нағыз азамат ретінде сезініп, тез шешім қабылдауға үйренеді. Әскерден келгендер ширап, шынығып, ой-өрісі кеңейіп келеді, бұл – шындық.
Мұнан бөлек азаматтар әрі қарай әскери қызметін жалғастырғысы келсе, келісім-шарт бойынша қызметке бара алады.
Еліміздің Қорғаныс қабілетін арттыру әскери қызметшілерге қамқорлық көрсету және әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында 2012 жылғы ақпанда «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заң қабылданды. Осы Заңда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты кеңейтілген әлеуметтік шаралар қарастырылған. Мысалы, кез келген келісім-шартпен әскери қызметке келгендер ең алдымен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, коммуналдық шығындарды төлеу үшін (жылу, жарық т.б.) өтемақы төлеу қарастырылған. Мұнан бөлек әскери қызметшілердің жақын, алыс шет елдерде білімін жетілдіріп, өзінің кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндігі бар, балалары мектеп пен мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленсе, отбасындағы басқа да кісілер жұмыспен қамтылады. Бұл әскери қызметшілерге көрсетілетін қызметтің бір парасы ғана. Жастар сонымен бірге Алматы, Ақтөбе, Щучинск қалаларында әскери техникалық мектепте, әскери жоғарғы оқу орындарында оқи алады. Оқу орындары жайлы толық ақпаратты Сырдария аудандық Қорғаныс істері бөлімінен алуға болады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әскерден жалтару – Отанды қорғаудан жалтару деп түсіну керек. Отан сөзінің ішінде өз отбасың, ата-анаң, бауырларың бар.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ