Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨШПЕС МҰРА ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ӨШПЕС МҰРА ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Ұлттымыздың арына нұқсан түсірмес үшін, қазақы қалыптан айнымас үшін өткен ғасырда қуғынға ұшырап, жазықсыз атылған үш арыс – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин екені рас. Олардың өмірі қысқа, тағдыры ауыр болғанымен шығармашылық ғұмыр баяндары ғибратты да мәнді болып табылады.
Қазақтың құнарлы сөз өнерімен сусындап, қанат қаққан бұлардың еңбегі елеусіз қалған емес. Бір жылдары дүниеге келіп, ұлты үшін жанын қиған үш арыстың аты мәңгі өшпейді. Халқының ауыртпалығын көтеріп, шындық үшін жан берген қаламгерлер өнегесі Алаш баласына мұра. Мызғымас бірлігі қалыптасқан ел жұртшылығы ізгіліктің жаңа бағытын ұстанып, үш арыс еңбегін зерттеуден жалыққан емес. Сан мәрте ұлылықтың жарқын үлгісін көрсете білген қазақ ұлты әлі күнге тектілік қасиетін сақтап келеді. Оның айқын дәлелі халқы үшін қуғынға ұшыраған арыстарын ардақтау, өлшеусіз өмірін өскелең ұрпаққа таныту, насихаттау болып табылады.
Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы­ даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық мәдениет үйінде «Үш арысым» тақырыбында аудандық жазба ақындар мүшайрасы өтті.
Жалпы, мүшайра әдебиет әлемінде өрнекті өнегелерімен халық жүрегінен жол тапқан, артына өшпес рухани мұра қалдырған Алаштың «Үш арысы» ақиық ақын, қоғам қайраткері І.Жансүгіров, жалынды ақын, жазушы, дарынды драматург С.Сейфуллин, ауызша әңгіменің қас шебері, сатирик-жазушы Б.Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Осы ретте, ұлы дала төсінен түлеп шыққан дара тұлғалардың есімін ардақтауды, тарихын біліп, құрметтеуді және өнегелі істерін жас ұрпаққа дәріптеуді мақсат тұтқан мүшайраға аудан көлемінен 8 ақын қатысты. Мүшайра талаптарына сәйкес әр ақын екі кезең бойынша өз бақтарын сынады.
Аталған шараның қорытындысында әділ-қазылар шеші­мімен С.Сейфуллин ауылынан келген Бақтөре Айтбаев І орын, Жетікөл ауылынан келген Қанат Көзейбай ІІ орын, Н.Ілиясов ауылынан келген Бекжан Махамбетов ІІІ орын иеленді. Өз кезегінде қатысушы барлық жас ақынға арнайы «Диплом», «Алғыс хат» және естелік сыйлық табыс етілді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

30 сәуір 2019 ж. 726 0