Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЗДІК ӨНЕР КӨРСЕТЕ БІЛГЕН

ҮЗДІК ӨНЕР КӨРСЕТЕ БІЛГЕН

Жер бетінде саналы ғұмырын мәнді етуіне барлық адамның қарекеті мен ықпалы тікелей әсер етеді. Құндылығын жо­ғалтпаған табиғи жаратылыс сан алуан бағытқа құбылып отырады. Кейде өз деңгейінен төмен дәрежеге түскен жағдай­да жасандылық көрінісі белең алады. Бұлардың барлығы ақыл, парасатына жүгіне отырып, шынайы өмірде жүзеге асады. Міне, осылардың нағыз бет-бей­несін айрықша сипатта түрлендіріп, сахна тарлан­дары көпшілік алдына жарыққа шығарады.
Театрдың элементтерін жетік меңгерген актер шеберлігі уақыт өткен сайын шыңдала түсетіні рас. Бұрыннан талай белесті бағын­дырған аудандық мәдениет үйі жанындағы ха­лық­тық театрының әрбір актері түрлі образға ену арқылы көптің көңілінен шығуға тырысады. Өткен мен бүгінді байланыстыра отырып, идеологиялық тәрбиені алдыңғы орынға қою басты міндеті. Үнемі тынымсыз еңбекті қажет ететін театр өнерінің бағыты айқындалған тұста актердің сахна төрінде өшпес ізі сайрап жатады. Жарқын белесті бағындыруға ниет еткен халықтық театр ұжымының белсенділігі қай кезде де бәсеңдеген емес.
Аймақта үздік өнерімен танылып жүрген аталмыш ұжым Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында өткізілген «Өнерге тағзым» І аймақтық халықтық театрлар фестиваліне қатысты. Мұнда сырдариялық өнерпаздар қырғыз драматургы С.Раевтың «О, қыздар!» драмасын сахналады. Үш күнге созылған фестиваль барысында аймақ намысын қорғаған өнерпаздардың сахнадағы шынайы сомдаған бейнесі көпшілік көңілінен шықты. Қойылымның негізгі бөлшегі жалпы қоғам өміріндегі қыздардың рөлін көрсету болып табылады. Олардың психологиясына тереңнен еніп, әрбір іс-әрекетін жарық шығарудың маңыздылығы жоғары. Тәрбие құралы ретінде өскелең ұрпаққа дұрыс жолды бағыттау парыз. Сондықтанда драманың нағыз шарықтау шегінде қыз арына нұқсан келтірмей, санасын таза ұстау өмір шындығы екені рас. Фестивалде он бір ұжыммен қатар бақ сынаған аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық театры «Ең үздік актерлік шеберлік» номинациямен марапатталды.
Өткен аптаның сенбісінде Батыс өңірінен олжалы келе жатқан халықтық театр ұжымын мәдениет саласы қызметкерлері темір жол вокзалынан күтіп алды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төралиев әріптестерін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Б.ОРДАБЕКОВ
23 сәуір 2019 ж. 589 0