ҰЛТ КЕЛЕШЕГІ – ДӘСТҮРЛІ ТӘРБИЕДЕ
Ұлттық тәрбиенің мәйегінде отбасы құндылығының негізгі элементтері көрініс табады. Қазіргі таңда қазақ өркениетінің тәрбиелік мәні сан тарапқа құбылып, көпшілік ара-жігін ажырата алмай келеді. Тұрмыстағы дағдылы өмір сүру қалпынан айнымай бір ізділікпен жүру қағидасын ұстанған адамның бағыты айқын.
Жалпы, қоғамда жиі орын алатын кез келген мәселенің мәнісін ажырата алудың ерекше көрінісі ұлт келешегіне тікелей қатысы бар. Осы күні заман көшіне ілескен ұлттың бет-бейнесін қалыптастыру әрбір адамның мүддесі саналады. Қоғам, отбасы, тәрбие, халық өмір сүру деңгейі өзара қарымқатынасқа түскен жағдайда ұлт өзегінің қайнар көзі айқын байқалады.
Дөңгелек үстел басына жиналған жұртшылық қоғамдағы тәрбиенің дәстүр сабақтастығымен байланысы жайында ашып айтты. Бірі заманауи бағытты ұстану арқылы ертеден келе жатқан дәстүріміз құндылығын жою үстінде десе, кейбірі тәрбиенің зор мәнін әр отбасы мүшесіне дастарқан басында ұғындырудың маңыздылығы жоғары деп есептейді. Сонымен қатар қазіргі жастарға ұмыт болған салт-дәстүрді түсіндіру арқылы тұрмыста қолданысқа енгізу керектігі басты назарға қойылды. Біршама дәстүрлі тәрбиенің тетіктерін айтқан олар кейбір қазақы ғұрыпқа сай емес қысаң әдеттен арылуға шақырды. Әрбір адамның бойында ұлттық менталитеттің бөлшегі болғанда ғана дәстүрлі тәрбиені қалыптастыра аламыз. Шараның маңыздылығын аша түскен сан түрлі бағыттағы салт-дәстүр тетігі қоғам азаматтарының мызғымас ұстанымына айналуы тиіс.
Өзекті мәселені көтеруге арналған шара «Ұлт келешегі – дәстүрлі тәрбиеде» тақырыбында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Достық» үйінде өткізілді. Бұған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Жантүгелов, аудан тұрғындары, сала мамандары қатысты. Өз кезегінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, білім саласының зейнеткері А.Нұртаева, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының тәрбиесі ісі жөніндегі орынбасары Л.Сағымбаева, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Друмова аталған мәселе төңірегінде баяндама жасап, көпшілікке түсіндірді. Тәрбиенің дұрыс бағытта берілуі турасында жиналғандар өз ойларын ортаға салып, пікір айтты.
Б.ОРДАБЕКОВ