Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАДІРЛЕСЕҢ САЛТ-ДӘСТҮР – АСЫЛ ҚАЗЫНА

ҚАДІРЛЕСЕҢ САЛТ-ДӘСТҮР – АСЫЛ ҚАЗЫНА


Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сын­да қазіргі кезеңдегі әлемдік жаһандану жағда­йын­да заман ағымына бе­йімделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңіруді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Сонымен қатар Н.Назарбаев: «Жаңа тұрпатты жаңғыру­дың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. …Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тә­жірибе мен ұлттық дәс-түрлерге шекеден қара­мау­ға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табыс­ты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Со­нымен бірге, рухани жаң­­ғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен ма­ңызды. …Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа се­нім­­мен бет алуын қалай­мын», – деп айтқан болатын.
Жақында аудандық мәдениет үйінде «Қазақи салт-дәстүрлерінің атқарылуы жайлы және оның жаңғыртудағы аудан ардагерлерінің міндеттері» тақы­рыбында бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің бас мамандары және барлық елді-мекендердегі үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысқан форум өтті.
Бір ұлтты екіншісінен ерекшелендіріп тұратыны оның: тілі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, менталитеті, мәдениеті мен өнері, жалпы өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты шығарып, пайдаланып, дамытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізі ғасырлар бойы қалыптасып келген рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір – салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидаларды құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп тәрбие мәселесінде пайдалану бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік. Ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді дәріптейтін форум жұмысының басты мақсаты қазіргі қоғамда орын алып отырған, бойымыз үйреніп бара жатқан жат қылықтар мен олқылықтар, үлкенге тиісінше құрметтің көрсетілмеуі, жиын-той мен астағы ысырапшылдықты болдырмау және тағы басқа да мәселелерді шешу мен оның алдын алу болды.
Қоғам өміріне белсене араласып, қа­зақи қасиеттерімізді жаңғыртып жүр­ген ардагерлеріміз оны жас ұрпақ­тың бойына сіңіруге үлкен күш салып жүргенін айта кеткен де жөн.
Халықтың әлеуеті жақсарып, тұрмысы түзелген тұста ысырапшылдыққа жол бе­рілетіні баршамызға белгілі. Қан­дай да бір той-томалақ, іс-шара өт­кізгенде материалдық жағдайына қа­рамастан барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру қоғамда азаймай отыр.

Дәулеті асқан жандар бірнеше миллиондарын сарп етіп, шетелдерден әнші, биші шақыртып ұлан-асыр той жасайды. Ал жағдайы төмен жандар қатардан қалмайын деп банктерден жоғары пайыздық несие алып, той жасау әдетке айналғандай. Бұл біріншіден, ысырапшылдық, екіншіден адамдарды немесе бүтіндей бір отбасын тығырыққа тірейтін теріс әрекет. Сондықтан ысырапшылдыққа жол бермей, той өткізу мәдениетін қалыптастыру жөнінде мәселе көтеріп, кемшін түскен және шектен шыққан тұстарын өзгерту өз қолымызда екенін ұмытпауымыз керек.
«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей салт-дәстүріміз елдігіміздің белгісі оны ешкім ұмыт қалдырмауы тиіс. Десе де қазіргі уақытта кірме дәстүрлер жаңғырып барады. Соның ішінде адам өмірден өткендегі дастарханның той дастарханының мәзіріндей деңгейде жайылуы, ол қазадан қайғырып отырған отбасына да ауырлық тигізуі және сол дастархан басында отырған адамдардың ашық-жарқын күйде отырып астан дәм татуы қабырға қайыстыратын қазаға емес, той төрінде отырғандай күй кешуі немкеттілікті білдіреді. Ал, немкеттілік өз кезегінде қоғамға қауіп тудыратын құбылыс. Қазіргі жаһандану дәуірінде ғылыми-техника, экономика дамығанымен жастар мен жасөсіпірімдер арасында кейбір әдет-ғұрыптар ұмыт болып бара жатқандығы жалған емес. Сол себепті ақсақалды аталарымыз бен көнекөз қарияларымыздың даналығына жүгіне отырып, жас ұрпақты ұмыт қалған дәстүріміздің шеңберінде тәрбиелеуіміз керек, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы.
Сондай-ақ осы өзекті мәселелер хақында Аманкелді ауылдық округінің әкімі Қ.Құлымбетов, Асқар Тоқмағанбетов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбарұлы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жаналиева, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы А.Асқарұлы, Шіркейлі ауылдық округінің қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Әбілқасымов баяндама жасап, елді мекендердегі салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар мен шараларға тоқталып, келелі ойларын ортаға салды. – Қариясын тиісінше сыйлайтын, салт-дәстүрден аттамайтын ұрпақ тәрбиелеу міндетіміз. Жастардың саналы да, тәрбиелі болып өсуі, барға қанағат, жоққа сабыр, барды бағалай біліп, ысырапшылдыққа жол бермеуі тәрбиеге байланысты. Сол тәрбиені әр шаңырақтың төрінде отырған біздер беруіміз керек. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей салт-дәстүрді берік ұстанған елдің ұрпағымыз, балаға жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып, үлкенді құрметтеп, қартын сыйлауды үйретуден жалықпауымыз қажет, – деді Қанатбек Әбілқасымов.
Қазіргі күні тек тойда ғана емес бақилық болған кісіні ақтық сапарға аттандыру да артық шығын мен бей-берекет қаржы ысыпаршылдығына жол беріліп жатады. Онсыз да қасірет шегіп отырған отбасының онымен қоса қонақ күту сынды тауқыметін кемітіп, оларға көмек қолын созудың әрекеттерін қарастыру да талқыланды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласының «Туған жер» кіші бағдарламасы шеңберінде ауданда біршама шаралар өткізіліп келеді. Аталған бағдарлама шеңберінде 2017 жылы «Еңбек даңқы залы» мен «Құрметті азаматтар аллеясы» ашылып аудан жастарының рухани азықтануына қызмет етіп келеді. Дегенмен бағдарлама шеңберінде ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды жаңғырту жұмыстарын тоқтатпауымыз керек.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ


21 шілде 2018 ж. 2 088 0