Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РУХ КҮШІ: ӘЛСІЗДІК ӘЛ БЕРМЕЙ БАРАДЫ

РУХ КҮШІ: ӘЛСІЗДІК ӘЛ БЕРМЕЙ БАРАДЫ


Дүниеге келген сәтте жарық күннің нұрына малшынған сәби ғұмырдың нағыз періште шағы басталады. Әрбір адамның бала күнінде ешқандай қиындығы мен артық мәселесі болмайды. Қамсыз, уайымсыз жүрудің нағыз көрінісі есейгенде бірте-бірте сейіліп, өмірдің жаңа парақтары ашылады. Қоғамда орын алып жатқан кез келген мәселені тудырушы, онымен барынша күресуші адами фактор екені сөзсіз. Жан-жақты белсенді бола білген жанның көздеген мақсатына оңай жетуі үлкен жетістік. Шындығында, жер бетіндегі барлық жағынан жетілген, саналы әрекет ететін жалғыз тіршілік иесі адам екені шүбәсіз дәлелденген. Кешегісі мен бүгінін, өткені мен келешегін салыстыра қарағанда, қай-қайсысы да шекті уақыттың шеңберінде әлденеге қол жеткізу үшін тырмысып, тынымсыз қарекет етуде. Біз біле бермейтін, бірақ ойынан шықпайтын өзіндік итермелеуші күшті жеңу үшін адам рухы биік болуы тиіс. Дегенмен, қамшының сабындай қысқа ғана уақыт ішінде талай жанның ғайып болуы жалпақ жұртты алаңдатады. Тәңірдің берген сыйын көп көрген кейбіреулердің өз өміріне немқұрайлы қарауында үлкен қателіктің көрінісі байқалады.
Әсілінде біз көтергелі отырған тақырыптың ауқымы кең. Қазіргі таңда жалпы қоғамдағы өріс алған ахуалдың негізгі қиындығы адамның тікелей қатысуымен орын алуы зор мәселе тудырып отыр. Осы күнге дейін халық арасында қызу талқыға түсіп, арнайы мамандар жұмыс жасау арқылы бұл дерттен арылу керектігі айтылып жүр. Дегенмен психологтың кеңесіне жүгінген олардың өмірге құлшынысы артса, кейбірі өмірден баз кешіп кетеді. Жалпы, ғылыми тұрғыдан суицид атауына ие адамдар арасындағы құбылыстың жиі-жиі орын алуы шынында да қоғамда қауіпті құбылыс.
Аталған мәселені зерттеу барысында дін қызметкерлері адамның өз-өзіне қол жұмсауы ең ауыр күнә екендігін ашып айтады. Күнделікті айналасына уағыз айтқан олар ешкім байқай қоймайтын ұсақ дүниелердің астарына бойлап, құндылығын дәріптейді. Имандылық тұрғысынан санаға ғибратты әңгімені сіңіреді. Қашанда қажыған, шаршаған, амалы құрыған адамның Алла Тағаладан жәрдем сұрайтыны рас. Үнемі дұрыс жолды бағыттаған имамдардың сөзіне құлақ асу бір жағынан тығырықтан шығудың амалы.
Десек те, әлеуметтік жағдай, отбасылық және қоғамдық тәрбиенің тұрақсыздығы, яки жоқтығы, есірткіге тәуелділік, құмар ойындардың шырмауына түсуі, жасөспірімдер арасындағы өзара қақтығыс, психологиялық тұрғыдан өз ісіне жауап бере алмауы, жеке басына күмән тудыру арқылы намысына тию, үлкенді-кішілі жанжалдың себептері, тығырыққа тіреген сан алуан мәселе, адам аздыруға апаратын мәскүнемдік секілді тағы да басқа мысалдар нәтижесі жекелеген адамды демде қол жұмсауға итермелейді. Күнделікті жер басып, аман-есен жүргеніне шүкірлік етуден асқан бақыт жоқ. Бүгінгі жасаған ісің ертеңгі тарихқа айналатындықтан қашанда жақсылық жасаудан тартынбау қажет. Өз өміріне балта шабу тығырықтан шығудың тура жолы емес. Саналы түрде әрекет ете білгенде ісің алға басып, белгіленген межеден көріне алатындығы өмірде дәлелденген қарекет.
Осыған дейін айналаға көз салып байқағанымыздай, жалғыз құлынынан айырылып шырылдаған ананы, әкесіз ер жеткен баланы, өмірлік қосағынсыз еріксіз көзіне жас алған азаматты, бірге ер жеткенде қапияда көз жазып қалған достың өкінішін, өмірде қатар жүруге, мәңгілік бір-бірін сүюге серттескен ғашықтардың айырылысуы сияқты қайғылы жәйт қабырғаны қайыстырады. Адамның өзінің ішкі болмысына жасаған қатыгездігі мен жауыздығы келешек өмірді орта шорт үзіп кетіп жатады. Қай кезде де тығырыққа тірелгенде алдымен одан шығар жолды қарастыру қажет. Адам өмірі тағдыр таразысына түскенде айналасынан демеу күтетіні сөзсіз. Үздіксіз орын алған түсініксіз жағдайлар әрбір тұлғаны өзі тіршілік ететін ортада шарасыз күйге түсіреді. Өз орнын таба алмаған мезетте оның жасауға тиісті әрекеті жағымсыз фактордан құтылу болып табылады. Бірден бір оңай жолы «ана дүниеге аттану» деп есептейді. Қателікті жібермес бұрын адамда тәубешілік қасиет алдыңғы орында тұруы тиіс. Мораль тұрғысынан жүйкеге тиген ауыр соққы еш ойлануға мүмкіндік бермейтіні рас. Дегенмен, физикалық құлшынысын жанындағы серігі оятып, күн сайын тоқырауға ұшыраған кез келген жанға көмектесу арқылы бойына сенімділік ұялату керек. Өздігінен оқшаулану мен тұйықталу, іштегі сырды ақтармау, қайталана беретін қиындықтан арылмау, қолынан келетін барлық нәрсені тиімді пайдалана алмау, өз басының құндылығы өмірін жіті қадағалауда ұстамау, көзсіз бассыздық пен шектен шығудың құрбанына айналу, түйсіктегі керексіз ойдың жетегінде жүру жарқын болашақты бағдарлай алмаудың негізгі қағидаты саналады.
«Отбасы – шағын мемлекет» деп жатамыз. Көше бойында қаз-қатар тізілген талай үйді көріп жүрміз. Сыртынан қарағанда мұндағы отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігі кез келгенімізге беймәлім. Жадыраған жүзінен шуақ төгілген отанасы, бар жағынан қамқоршы әке болмысы, ізгілікті жолды ұстанған аға-інінің, апалы-сіңілінің жарасымдылығы бір бөлек. Жас жұбайлардың бір күнінен келесі күні қызықты өтуі керемет. Қариялар ақылын айтып, жастарға тауқыметті күндердің артта қалғандығын баян еткендігі ғұмырдария. Балалар ойынға тоймай барынша қызыққа батқандығы әсерлі көрініс. Бұл көріністің барлығы бақытты отбасының айқын дәлелі. Әр күні бір-біріне ұқсамайтын отбасы өмірінің тыныштығын сақтау маңызды екені мәлім. Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік жағдайдың өзара құбылысқа түсуі шаңырақтағы атмосфераның бұзылуына себепкер атанады. Жаңылыс басқан қадамның қайсы бірі де адамды дұрыс жолға түсірмейді. Барлығы жарасым тапқан шаңырақтың шайқалуына әкеп соқтырары анық. Отбасында бір кездері тату-тәтті бақытты болған адам күйзелеске ұшырап, бұл өмірмен қоштасуға дейін баруы сахнада орын алған трагедиялық жағдайдан бетер ауыр соғады. Қазіргі таңда жанжалдың орын алуы үлкен-кішіге, жынысына, отбасылық статусына қарамайды. Барлығында түсініп болмайтын ұсақ-түйек мәселе азғырып жатады. Шаңырақта нендей жағдай болмасын шаршаған адамның алғашқы айтар сөзінен болмашы тығырықтан шығуды емес, бұл өмірмен қоштасуға бейім екендігін аңғарасыз.
Өзекті мәселе тұрғысынан тағы да ашып айтатын жәйт тұрмыстағы хал-ахуалдың тұрақты болмауы. Жасөспірім мен жастардың үлкен өмірге қалыптасуға дағдылануы біршама уақытты қажет етеді. Отбасында ата-ананың бала тәрбиесіне мән берілуі де бала психикасына әсер етеді. Бала бойындағы өзгеріс пен оның жаны нені қалайтынын ата-ана қалт жібермей бақылап, зерттеп, біліп отыруы тиіс. Өз ойымен іштей арпалысқан жасөспірім тығырықтан шығар жол таппай ақырында біреулердің айтуымен шешім қабылдап, қауіпті іске басын тігеді. Ал, құтыла алмаған мезетте ойына келген амалды пайдаланып, өз өмірін қиюға дайын болады. Осындайда баланың намысына тиіп кетпейтіндей ата-ана тарапынан дұрыс жолды ұтымды таңдаған дұрыс деп ойлаймыз.
Желіккен жастардың арасында албырт сезімге бой алдыру ғажайып махаббаттың айнымас бөлшегі іспетті. Қазіргі таңда ғашықтық оқиғалардың арты қайғылы жағдайға ұласуы жастардың ертеңгі өміріне немқұрайлы қарауында секілді. Алдау мен арбау, сенім мен күдік, талпыныс пен әурешілік, талғам мен таңдау, қарсылық пен түсініспеушілік, бәсеке мен көзге ілмеушілік сияқты түрлі сипаттағы ғашықтар арасындағы байланыс түптеп келгенде көп ұзамай айырылысуға әкеп соқтырады. Мейлі қыз, мейлі жігіт болсын ғашықтық шырғалаңнан шығу өз-өзіне қол жұмсау деп түсінеді. Бұл ағат шешім, тығырықтан шығар жол емес.
Суицидтың алдын алу шаралары жүргізілгенде жасалатын бастапқы қадам психологтармен жұмысты күшейту барынша өз нәтижесін береді. Қазіргі таңда аталған мәселеге тап болу фактісі жас талғамайтын болғандығымен қорқынышты. Үлкен-кіші болмасын қайғылы жағдайға баруға қорықпайды, артындағы іздеушісін ойлауға құнық танытпайды. «Дүние қу – бір ағын су» демекші, қу тағдырдың тамыры қиылғанда ағын судай баз кешкен ғұмырымыз құмға сіңіп кете барады.
Алла Тағала өзі жаратқан пендесіне сынақ ретінде қиындық беріп ғана қоймай, одан шығудың жолын да көрсететіні анық. Сабырлылықты бойымызға құт санап, шүкіршілік еткенде бар жақсылық қақпасы ашылатыны сөзсіз. Ешбір қиындыққа қарамастан алға қарай ұмтылу барлық қоғам мүшесінің борышы деп білеміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

09 сәуір 2019 ж. 623 0