ҮЗДІКТЕРДІҢ ҮЗДІГІ – ТӨРТЕУ
Жер бетіндегі адамдардың ұстанатын бағыты, діні, ділі, тілі басқа болғанымен күнделікті атқаратын қызметі, тынымсыз тіршілігі, өзара еңбек бөлінісі, тұрмыстағы жай-күйі бір-біріне ұқсас келеді. Әйтеуір, дамылсыз жалғасын тауып жатқан өмір заңдылығына бағыну – әрбір тұлғаның айқын міндеті.
Адам бойындағы мәдениет өлшемі, тәрбиелік дүниетанымы бір қалыпта дами түскенде қоғамда тұрақтылық пайда болады. Жалпы, қоршаған ортаға келтірген залал тұрғысынан адамдардың қарекеті алдыңғы орынға шығады. Айналаны таза ұстаудың мәдениеті толығымен қалыптаспайынша, экологиялық фактордан арылу мүмкін емес.
Тазалық айлығы басталған бір ай ішінде меншік түріне қарамастан барлық мекеме әр сенбі сайын тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Көшені күл-қоқыстан арылтып, аяқ су келетін арықтарды тазарту жұмыстары атқарылуда. Осы ретте, біздер өткен аптаның сенбісінде өткізілген сенбілік жұмыстары барысында көше-көшені аралап, жасалған жұмысты өз көзімізбен көрдік. Мысалы, орталық көшелердің бірінде тұрғындар тарапынан көшедегі арықтарға кір суын төгетіндігі анықталды. Сондай-ақ, көп қабатты тұрғын үйлердің маңайында, көпшілік жүретін жолдарға дейін қоқыстардың жайылып жатуынан тұрғындардың салғырттығын аңғардық. Түн жарымында, адам аяғы басылған мезетте кейбір тұрғындар көше бойына күл-қоқысты қалай болса, солай тастайды. Бұл жерде көзге көрінбестің әрекеті өзіне мәлім ғана еместігін айта кеткеніміз жөн. Арнайы орында белгіленген қоқыс жәшіктері бар. Дегенмен, тұрғындар үшін өкініштісі қоқысты лақтыра салу үйреншікті әдет болып барады.
Апта сайын жаппай сенбілікке шыққан мекемелердің арасында үнемі белсенділік танытатыны баршылық. Атап айтқанда, аудандағы үлкен мекемелердің қатарына кіретін денсаулық сақтау саласы сенбілік жұмысына ыждағаттылықпен қарайды. Күніне мыңнан аса адам келетін мекеме ауласын таза ұстау – басшылық тарапынан жүктелген міндет. Кент орталығындағы көшелерді таза ұстау мақсатында бірнеше мекеме тазалық жұмысына жұмылдырылған. Аталмыш мекемелер арасынан осы жолы үздіктерді анықтауға тырыстық. Сенбілік барысында үнемі белсенділік танытатын ұжымдардың қатарында №10 аграрлық-техникалық колледжі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей, әр салаға байланысты дербес бөлім қызметкерлері бар. Соңғы сенбіліктің қорытындысында өз жұмысымен көзге көрініп, үздік атанған бүгінгі төрттікті айта кеткеніміз жөн. №1 «Қызғалдақ», №2 «Балдәурен», №13 «Тереңөзек-Нұр бөбек» балабақшасы ұжымдарын бөліп-жармай бірінші орынға лайық деп таптық. Екінші орынға мәдениет саласының қызметкерлері тұрақтады. Үшінші орынға аудандық қорғаныс бөлімі жайғасса, төртінші орынға №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей ұжымы әбден лайық.
Осы ретте айта кететін жайт, әр сенбілік барысында үздіктер анықталып, басылым бетіне беріледі. Келесі кезекте өз көшесінде болып жатқан сенбілікке атсалысқан тұрғындарды үздіктер қатарынан көргіміз келеді. Біріккен істе береке болатыны анық. Келесі сенбілікте үздіктер қатарынан кімдер табылатындығын бірге анықтайық, ойлы оқырман!
Б.ОРДАБЕКОВ