НАҒЫЗ ТАЛАНТ ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ

Осы ретте жастардың мәдениет саласындағы өзіндік орнын айқындау мақсатында жақында Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Жастар жылына орай облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жас маман – 2019» облыстық байқауы өткізілді.
Шараны ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов ашып, мәдениет саласының жетістіктері мен өлшеусіз еңбектерін тілге тиек етті. Жалпы алғанда жастар жылы аясында ауыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл шараны аймақтың түкпір-түкпірінен келген жас мамандардың нағыз барын салып, мүмкіндігін көрсететін сәті деп атады.
Сахнада жүргізуші барлық қатысушыны таныстырып жатыр. Кәсіби мамандықтарының белгілі бір межесін бағындыра білген жастар шоғыры. Көздерінде от ұшқыны жалындап, өзара бақ сынасуға дайын тұр. Аймақтың нағыз талантты өрендері бас қосқан байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Жетістіктер жаңғырығы» атты кезеңінде қатысушылар бейнеролик және слайд арқылы өзі қызмет ететін мәдениет ошақтары мен толағай жетістіктерін таныстырды. «Мәдениет саласындағы жас маманның рөлі» тақырыбындағы екінші кезеңде әрбір талапкер кез-келген мәдени шараға арналған бағдарламалық сценарийін қорғады. «Үйренейік, ізденейік, жас маман!» атты үшінші кезеңде қатысушының мәдениет саласындағы жұмыс істеу тәсілі, арнайы мәлімет дайындау шеберлігі, есепті көрсеткіштерге байланысты кесте құру мүмкіндігі сараланды. Соңғы «Өнерім – өмірім!» атты кезеңде әрбір жас маман сан түрлі бағытта өнер көрсетті. Олардың өнеріне облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі З.Кенжетаева, Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының маманы Н.Мұхамедиева, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Г.Сәрсенбаева әділ бағасын берді.
Байқау қорытындысында жүлделі үшінші орынды шиелілік Ұ.Мүсиева, жаңақорғандық С.Манап, екінші орынды жалағаштық С.Жұбанова, бірінші орынды сырдариялық Ә.Ерғали, бас жүлдені қармақшылық М.Махамбетұлы иемденді. Өз кезегінде жүлдегерлер мен жеңімпазға арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырылды. Байқаудың бас демеушісі Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты А.Ералиев екенін айта кеткеніміз жөн.
Б.ОРДАБЕКОВ