БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БӨЛІНЕДІ
2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіту туралы мәселе облыстық мәслихат сессиясында қаралады деп жоспарлануда. Соған сәйкес, аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы жиналыс өтті.
Жиналысты аудан әкімі Ғ.Қазантаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиналысқа облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары қатысты.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаев бюджет қаржысының өзекті мәселелерге бөлінуі мен дұрыс бағытта жұмсалуы қатаң қадағалауда екенін айтты. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттарды толық игерудің маңыздылығына тоқталды.
Жиналыс барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджетті қалыптастыру туралы» баяндама жасады.
Өз кезегінде облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіту туралы мәселенің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ауданда атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, жоспарлы жұмыстар ел игілігі үшін бірлесе атқарылатынын жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.