Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

СЫРДАРИЯДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Бүгін аудан орталығы Тереңөзек кентінде Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне арналған «Төрлет, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Жаңа жыл мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, театрландырылған қойылымды тамашалады.
Аудан әкімі Ғанибек Қазантаев жиналғандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс-берекенің арқауы саналған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп бағалаған. Ежелден Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды,- деген аудан басшысы бірқатар азаматтарға Құттықтау хат табыс етті.
Мерекелік іс-шара барысында қазақы үлгіде әспеттелген киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптелді. Бесік салар, тұсаукесер, теңге жасыру рәсімдері ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамына жиналғандар мерекенің басты тағамы наурызкөжеден ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнады. Әсем әндерді әуелете шырқаған көркемөнерпаздар аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Я.Тасыров жиналғандарға ақ батасын берді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
21 наурыз 2019 ж. 1 061 0