АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Ардақты ағайын!
Қадірлі сырдариялықтар!
Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің жайдары, жарқын мерекесі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс-берекенің арқауы саналған.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп бағалаған. Ежелден Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды.
Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп. Дегенмен, былтырғы жыл аудан үшін табысты жыл болды. Ауданымыздың дихандары ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан мол өнім жинады.Басқа салалар бойынша да республика, облыс көлемінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Биыл да білім, денсаулық сақтау мен спорт, әлеуметтік қорғау салаларына тиісті қолдау шараларын жасаймыз. Әсіресе кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Ырыстың – ынтымаққа, берекенің – бірлікке бітетінін аудан халқы жақсы біледі, қадірін терең түсінеді. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ. Осынау игі жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген баршаңызға тек жақсылық тілеймін. Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады дейді ата-бабаларымыз.
Олай болса, Ұлыстың Ұлы күні құтты болып, әрбір шаңыраққа бақыт, болашаққа деген сенім әкелсін!
Бар тілектеріңіз қабыл болып, жерімізде тыныштық, елімізде молшылық болғай! Ақ мол болсын, жыл жемісті болсын, ардақты ағайын! Мәңгілік Еліміз жасарып, жаңара берсін!
Құрметпен,
Ғанибек Қазантаев,
Сырдария ауданының әкімі