Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕЛДІ

НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕЛДІ

Мәдениет саласының жұмысын жан-жақты жандандыру арқылы жоғары көрсеткішке жету жолы сараланады. Қашанда елдің ортасында жүріп, халықпен тығыз байланыста болатын мәдениет саласының мамандары үнемі ізденіс жолында жүретіні рас. Шығармашылық пен кәсіби біліктілікті арттыру жолында еңбек ету абырой биігіне жетелейді. Өткен жылдың қорытындысын шығарған сала қызметкерлері жақында алқа мәжілісінде бас қосты. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, тиісті сала басшылары, мен қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өткен жылғы жұмысының қорытындысы мен биылғы жылы атқарылатын жұмыстар мен алға қойған міндеттер туралы баяндама жасады. Жалпы алғанда рухани байлықтың ошағы саналатын аталған бөлімнің атқарар жұмысы ауқымды. Қай кезде де мәдени көпшілік шараның басынан табылатын олардың жұмысы жемісті болу үшін алдымен сапалы ұйымдастыру тетігін жетілдіру маңызды. Саладағы көптеген мәселені айта отырып, бөлім басшысы негізгі міндеттерді атады. Ауылдағы мәдениет ошақтарының әлеуетін көтеру жолындағы бірқатар жоспарға сәйкес әрекет ету керектігін жеткізді. Сонымен қатар күрмеуі шешілмей келе жатқан аталмыш әрбір мәселе төңірегінде нақты тапсырмалар берілді. Өз кезегінде аудандық мәдениет үйінің басшысы Н.Көшербаев, аудандық кітапхана директоры Г.Нұржакиева, аудандық өлкетану музейінің директоры М.Омаров өз саласына байланысты тиісті хабарлама жасады. Негізінен ақылы қызметті жетілдіру, халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға өнерпаздарды көптеп қатыстырып, жетістікке жетуді қолға алу керектігі жайында айтылды. Сондай-ақ, үйірме жұмыстарына адам тарту, қабілетіне қарай өнерге баулу бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте мәдениет қызметкерлері мен ардагерлері өткен мен бүгінді саралап, өз ойларын ортаға салды.
Қорытынды бөлімде аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев мәдениет саласын дамытудағы жұмыстарды жетілдіруді ұсынды. Жылды табысты аяқтаған қызметкерлер марапатталып, сый-құрметке ие болды. Жиыннан бөлек аудандық жас суретшелер арасында байқау өткізіліп, жеңімпаздар анықталды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
12 наурыз 2019 ж. 953 0