Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылар жұмыстың ауқымы кең

Атқарылар жұмыстың ауқымы кең


Мәдениет саласы қызметкерлері аудан көлемінде айтарлықтай нәтижеге бағытталған жұмыстарға көшуге ықпал жасайды. Жыл сайын мәдени-көпшілік шараларды кеңінен ұйымдастырып, аудандағы айтулы күндердің басы-қасынан табылады. Сонымен қатар өнерпаздар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, аудан мерейін асқақтататыны сөзсіз. Саланың негізгі міндеттеріне кіретін функцияларына ұлттық мәдениетті өркендету, оның құндылығын жоғалтпай сақтау, белгіленген межеден көрініп, жан-жақты дамыту көзделеді. Осы орайда ауданның мәдени-рухани өркендеуіне, мемлекеттік және Қазақстанда бар тілдердің қолданылуы мен дамуын қамтамасыз етуге сала мамандары өз үлестерін қосуда.
Биылғы жылғы ауданның мәдени-рухани саласындағы мәдени-көпшілік шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласы негізінде Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы, Сырдария ауда­нының 90 жылдығы шеңберінде жә­не жылдық жоспарға сәйкес мерекелік күндер­ді ұйымдастыру аясында жүзеге асады. Жақында аталған бөлімнің 2018 жылдың І тоқсанында атқарған жұмысын таразылаған алқа мәжілісі болып, оған түгел сала мамандары, ауылдық-округ әкімдері қатысты Аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова айтулы күндерді өткізуде сала мамандарының еңбегінің орасан зор екендігін жеткізді. Алдағы уақытта ауданның 90 жылдығы қарсаңында сала мамандарына көптеген міндеттер жүктелетінін айтты. Сондай-ақ, жазушылар Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішовтың туғанына 90 жыл, ақын Сейфулла Оспанның 80 жылдығы, ақын Жадыра Дәрібаеваның 70 жылдық мерейтойларын ұйымдастыру жоспарда бар екендігін айтты. Бұдан кейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев салада атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады.
Ауданның мәдениет саласында 35 мәдениет мекемесі тұрғындарға мәде­ни қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарына (16 мәдениет үйі мен клуб­тар, 1 жылжымалы мәдени демалыс кешені, 17 кітапхана мен 1 тарихи – өлкетану музейі.) кіреді. Барлығы 240 қызметкер мен жұмысшы жұмыс жасап, халық игілігі үшін қызмет етуде. Оның 112-і негізгі қызметкер және 128-і қатардағы жұмысшы екендігін айта кеткен жөн. Негізгі қызметкерлердің 78-і бөлім, мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында, 29-ы кітапханаларда, 5-і музейде қызмет атқарады. Олардың 64-і жоғары білімді, 48-і арнаулы орта білімді мамандарға жатқызылады.
2013-2017 жылдар аралығында сала­ның материалдық-техникалық базасын жақ­сарту мақсатында облыстық, аудандық бюджет есебінен 3 ауылдық клуб ғимараты жаңадан салынған. 4 мәдениет үйі мен клуб ғимараттарына, 2 мәдениет ошағының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 мәдениет үйінің бу қазандығы сыртқа шығарылған. 1 ғимаратқа қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп, аудандық және балалар кітапханасына берілді. Облыста алғашқы болып кітапханада аудан әкімінің қолдауымен «Электронды зал» ашылды. 1 клубқа көмір қоймасы салынса, 1 ғимараттың ауласына абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары, 1 мәдениет үйінің шатыры мен өжіресіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Археология және этнография» залы ашылғандығы көңіл қуантады. Бұдан бөлек бөлім басшысы аудан өнерпаздарының жетістіктерін атап көрсетті. Аудандық кітапхана мен музейдің бүгінгі жұмыстарына шолу жасады. Одан кейін аудандық мәдениет үйінің басшысы Н.Көшербаев сөз алып, бүгінгі ауылдық, кент, аудандық дәрежедегі мәдениет ошақтарының ахуалына сараптама жасады. Бірқатар қызмет түрін жетілдіруге күш салу керектігіне баса мән берді. Оның ішінде ауыл әкімдеріне сала мамандарымен бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Қызметкердің жауапкершілігін арттыруда кәсіпорын басшыларына ыждағаттылыққа мән беру керектігі ескертілді. Өйткені, сала төңірегінде ала-құла қызметтер назар аудартады. Үйірме жетекшілері балалар санын көптеп тартып, аудан атынан талантты өнерпаздар шығару парыз екендігі айтылды. Сонымен қатар алқа мәжілісінде І-тоқсан қорытындысы бойынша ақылы қызмет жоспарын дұрыс үйлестірмей отырған Бесарық мәдениет үйі мен Қалжан ахун ауылдық клубтарының жұмысы сынға алынды. Мекеме басшыларына алдағы уақытта жұмысты жандындыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, тазалық айлығы барысында әрбір меке­менің ауласы жинақы, санитарлық тазалық талаптарына сай болу керектігін қатаң ескертілді.
Шараның қорытынды бөлімінде бірқа­тар азаматтар құрмет төрінен көрі­ніп, марапаттарға ие болды. Олардың қата­рында Б.Сәрсекова, Р.Тайманова, Ш.Са­дықовқа зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты құрмет көрсетілді.


Айдана МАРАТҚЫЗЫ,
Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 сәуір 2018 ж. 1 030 0