АУДАН ӘКІМІНІҢ МЕРЕКЕЛІК ҚАБЫЛДАУЫ ӨТТІ
"8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні" мерекесіне орай аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың дәстүрлі мерекелік қабылдауы ұйымдастырылды.
Мерекелік қабылдауға ауданның дамуына саналы ғұмырын арнаған ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер қатысты.
Дөңгелек үстел форматында өткен шарада аудан басшысы барлық аналар мен аруларды Сырдария ауданының барша ер-азаматтарының атынан мерекемен құттықтады.
– Қашанда қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол сан түрлі мәселелерге де белсене араласатын қоғам мүшесі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. Барлық жетістігіміз Сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», - деген сөзі бұған айқын дәлел. Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйел. Қазіргі қазақ әйелі қабілеті мен қарымына қарай көшбасшы бола алатынын да дәлелдеді. «Әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қайраткер» ұғымдары өмірімізге енді. Бір ғана мысал, аудандық деңгейде мемлекеттік мекемелердің тоғызын қыз-келіншектер басқарып отыр. Ал, мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 152 адам болса, оның 55-і немесе 37 пайызы қыз-келіншектер. Бұл мемлекетіміздің нәзікжандыларға деген қолдауы мен қамқорлығы. Бүгінде алтын құрсақты аналарымыздың 1219-ы көпбалалы аналар, оның 590-ы «Алтын алқа», 629-ы «Күміс алқа» иегерлері,- деді аудан басшысы.
Мерекелік қабылдауда сөз сөйлеген аналар аудан әкіміне алғыстарын айтып, жұмыста жеміс тіледі.
Шара соңында мерекелік қабылдауға қатысушылар аудан басшысымен естелік суретке түсіп, гүлдер мен сыйлықтарға ие болып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.