Дауларды соттан тыс реттеу
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал.
Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, медиацияның дамуы, өркениет көшіне батыл бет түзеген қоғамымыздағы оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігі даусыз.
Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.
Медиацияны жүргізу тілін тараптар медиацияны жүргізу барысында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағдаласа алады. Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды. Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатордың (медиаторлардың) кандидатурасын ұсына алады. Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған болып табылса, педагогтің немесе психологтің қатысуы міндетті.
Медиация жүргізу тәртібіне тоқталсақ, медиатор медиация барысында екі жаққа да медиацияның рөлі және оның құқықтық әсерлері жөнінде толық мәлімет беру керек. Бұл ретте екі жақтыңда құқығы бірдей екенін және олардың бір- біріне сыйластықпен қарау керектігін түсіндірген жөн.
Медиация жүргізу алдында медиатор оған дайындық жүргізеді. Тараптарды тыңдап, даудың шығу себебін айқындау үшін, екі жақтың пікірін толық тыңдап қажетті мәлімет жинайды.
Сонымен қатар, осы медиация заңының талаптарына қатысты соттармен көптеген жұмыстар атқарылып келеді, оның ішінде газет беттеріне мақалалар, түсіндірмелер жарияланып тұрады. Соттардың арнайы сайттарында да ақпараттар орналастырылған.
Ж.Жолдасов,
Сырдария аудандық сотының судьясы,
Заңгерлер Одағының мүшесі