АЙТУЛЫ ЖЫЛДЫҢ КЕЗЕКТІ ЖИЫНЫ
Айтулы жастар жылының кезекті жиыны аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
Күн тәртібіне екі мәселе қарауға қойылған. Аудан бойынша жас отбасылар: ажырасу деңгейі, демографиялық даму көрсеткіштері туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғ.Нұртазаев хабарлама жасады. Негізінен аудан көлемінде ажырасу деңгейін бақылау мақсатында сараптама жүргізілген. Өткен жылдың қорытындысында ажырасу көрсеткіші едәуір жоғарылаған. Оның ішінде жастардың үлес салмағы басымырақ. Бұдан өзге демографиялық даму көрсеткішінде тұрақты өсім байқалады. Санақ бойынша қайтыс болу фактісі салыстырмалы түрде екі жылдың қорытындысы шамалас. Жиын барысында ажырасудың алдын алу шарасын жүргізуде алдағы уақытта жүзеге асатын татуласу орталығының маңыздылығы жоғары екендігі айтылды. Екінші мәселе аудан бойынша жастар жылын атап өту жөніндегі іс-шара жоспары хақында «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Ғ.Оралов жан-жақты айтып берді. Жылдың басты жаңалығы орталық тарапынан жұмыссыз кезкелген жастың мәселесі алдыңғы орынға қойылуы. Оларды қоғам өміріне бейімдеу арқылы әлеуметтік жағдайын жақсарта аламыз. Сондай-ақ жоспарға сәйкес жыл көлемінде ауқымды, маңызды шаралар ұйымдастырылмақ.
Жиын қорытындысында тиісті сала мамандарына бірлесе жұмыс жасау мақсатында нақты ұсыныс айтылды. Кейбір көтерілген мәселе төңірігінде дербес бөлім басшылары пікірлерін ортаға салды.
Б.ОРДАБЕКОВ