Ата Заңды құрметтеу – азаматтық парыз
Мемлекеттік рәміздер күні аясында Шаған ауылдық мәдениет үйінде №37 мектеп-лицейінің оқушылары арасында «Ата Заңды құрметтеу – азаматтық парыз» атты интеллектуалды зияткерлік дебат сайысы ұйымдастырылды. Тағылымы мол іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру, Ата Заңның маңызын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті насихаттау болды.Іс-шараның ашылу салтанатында Шаған ауылдық округі әкімінің бас маманы Индира Ибрагимова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұранның ел тәуелсіздігінің басты нышандары екенін атап өтіп, Ата Заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді. Жастардың құқықтық білімін жетілдіруде осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Дебат сайысына мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары көрермен ретінде қатысып, спикерлердің тартысты пікірталасын қызығушылықпен тамашалады. Ал сайысқа әділ төрелік ету үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасының төрағасы ретінде Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Тұрар Нұрмағанбетов, қазылар алқасының мүшелері қатарында Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ақтоты Өтепбергенова және №37 мектеп-лицейінің дебат қозғалысының жетекшісі, ұстаз Күнту Ахметов болды.
Қазылар қатысушылардың тақырыпты жан-жақты ашу деңгейіне, шешендік өнеріне, сөйлеу мәдениетіне, дәлелдерінің нақтылығына, қарсы тараптың уәждеріне сауатты жауап беру шеберлігіне және пікірсайыс әдебін сақтауына баса мән берді.
Пікірсайыс барысында екі фракциядан құралған дебат командалары жақтаушы және даттаушы тарап ретінде өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғады. Әр фракция құрамында үш спикерден қатысып, олар өздерін таныстырып, дебаттың негізгі құрылымы бойынша дефиниция, критерий, аргументтер мен дәлелдерді ортаға салды. Әрбір қатысушы өз ойын статистикалық мәліметтермен, өмірлік мысалдармен және құқықтық негіздермен нақтылай түсті.
Дебат барысында оқушылар Конституцияның қоғамдағы рөлі, заңға бағынудың маңыздылығы, мемлекеттік рәміздерді құрметтеудің мәні, жастардың азаматтық ұстанымы мен ел алдындағы жауапкершілігі жөнінде мазмұнды пікір алмасты. Қатысушылар өз көзқарастарын еркін жеткізіп, сыни ойлау қабілеттерін, құқықтық сауаттылықтарын және шешендік өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушылардың білім деңгейі мен дайындықтарына жоғары баға беріп, ерекше белсенділік танытқан спикерлерді арнайы номинациялармен марапаттады. Өз ойын нақты әрі дәлелді жеткізе білген оқушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар олардың білімге деген құштарлығы мен қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық белсенділігі ерекше аталып өтті. Іс-шара соңында қазылар алқасының төрағасы сөз сөйлеп, жастардың құқықтық сауаттылығына жоғары баға берді.
– Бүгінгі дебатта оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен өз ойларын нақты дәлелдер арқылы жеткізе білу қабілеті айқын көрінді. Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шара жастардың ел тарихына, мемлекеттік нышандарға және Ата Заңға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастама болды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осындай тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың патриоттық рухын нығайтып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Барлық қатысушыға алдағы уақытта толағай табыс, білім мен шығармашылық жетістіктер тілеймін, – деді Т.Нұрмағанбетов.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер мен дебат алаңдарының алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны айтылды. Жастардың бойына патриоттық рух пен құқықтық мәдениетті сіңіруге бағытталған бұл басқосу көпшілік көңілінен шығып, мазмұнды әрі тағылымды кеш ретінде есте қалды.
А.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










