Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№42 газет

06 маусым 2026 ж.

№41 газет

02 маусым 2026 ж.

№40 газет

30 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Туған жердің құрметі – ең ерекше марапат

Туған жердің құрметі – ең ерекше марапат

Сырдариялықтар туған жер топырағынан түлеп ұшқан даңқты жерлестерімен қашанда мақтанады. Тереңөзекте туып, қазақ эстрадасында өзіндік үнімен, сахнадағы дара болмысымен халықтың жүрегінен орын алған өнер иесінің бірі – Жеңіс Ысқақова. Жерлесіміз биыл 60 жылдық мерейтойы аясында Сыр елінде шығармашылық кешін өткізді. Бұдан бөлек жерлесіміз жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – өнерге адалдықтың, еңбекқорлықтың және халыққа деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Оның шығармашылығы тыңдарман жүрегінен орын алып, өзі қазақ эстрадасының майталман маманына айналды. Бұл ретте, табиғат берген талантын еңбекпен ұштастыра білген ол үлкен сахнаға батыл қадам жасап, қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті.

Жеңіс Ермағанбетқызы, жоғары марапа­тыңызбен және ме­рей­тойы­ңызбен шын жүректен құт­тықтаймыз! Ең алғашқы сауалым Ақорда төріндегі салтанатты іс-шара жөнінде болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Парасат» орденін алған сәтте қандай сезімде бол­дыңыз?

– Еңбек етіп жүрген әрбір адам үшін Мемлекет басшысының қолынан жоғары марапат алу үлкен мәртебе, тарихи сәт деп ойлаймын. Мен үшін де бұл өмірімдегі ең ұмытылмас, ерекше күндердің бірі болды. Өнер жолында жүрген адамға халықтың ықыласынан асқан марапат жоқ. Себебі сахнада жүрген әрбір әнші ең алдымен тыңдарманның жүрегіне жол табуды, олардың талғамынан шығуды армандайды. Көп жылдық еңбегіңді ел көріп, халық бағалап, Мемлекет басшысы тарапынан жоғары құрмет көрсетіліп жатса, ол – өнер адамы үшін зор бақыт. «Парасат» орденін алу сәтіндегі толқынысымды сөзбен толық жеткізу қиын. Ақорданың төрінде өткен салтанатты рәсім ерекше әсер сыйлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы марапаттау үшін залға кіріп келген сәттің өзі өте әсерлі болды. Сол уақытта оның бойынан үлкен сабырлықты, парасаттылықты, елге деген жанашырлықты байқадым. Әсіресе, әкелік қамқорлық сезіл­гендей болды. Президенттің әрбір адамға ерекше ықыласпен қарап, жылы жүзбен марапат табыстауы көңілге жылылық сыйлады. Орденді кеудеме таққан сәтте көз алдымнан бүкіл шығармашылық жолым өтті десем болады. Сахнадағы алғашқы қадамдар, ізденістер, халықпен кездесулер, ән арқылы жеткізген сезімдер – бәрі-бәрі есіме түсті. Өнер жолы сырт көзге әдемі көрінгенімен, оның артында үлкен еңбек, төзім, үздіксіз ізденіс жатады. Сол жылдар бойғы еңбектің еленуі жүрекке ерекше қуаныш сыйлады. Бұл марапатты мен тек өзімнің ғана емес, мені әрдайым қолдап жүрген халқымның, тыңдармандарымның, өнердегі ұстаздарым мен әріптестерімнің ортақ қуанышы деп қабылдадым. Себебі өнер адамы халықпен бірге биіктейді. Халықтың ықыласы мен батасы болмаса, өнердің де ғұмыры ұзақ болмайды. Ақордада өткен сол күн менің өмірімдегі ең жарқын естеліктердің бірі болып мәңгі сақталады. Бұл – тек марапат алған күн емес, өнерге деген адал еңбектің, халыққа деген құрметтің бағаланған ерекше сәті болды.

– Туған жерге жиі келіп тұрасыз ба, Сырдария ауданы сіз үшін несімен қымбат?

– Туған жерге деген сағыныш адам жүрегінен ешқашан өшпейді ғой. Мен де бұрын Сыр еліне, туған жерім Тереңөзекке жиі келіп тұратын едім. Әсіресе, анам бар кезде жолым жиі түсетін. Адамды туған жерге тартатын ең үлкен күштің бірі – ана мейірімі екен. Анамның қасында болып, қарашаңырақта бірнеше күн тынығып, оның ақ батасын алып қайтатын сәттер мен үшін ерекше бақыт еді. Қазір сол күндерді сағынышпен еске аламын. Бүгінде Тереңөзекте бауырларым, туған-туыстарым бар. Сондықтан ағайынның қуанышына, той-томалағына, түрлі мәдени іс-шараларға концерттік бағдарламамен барып тұрамын. Әр сапарым мен үшін ерекше сезім сыйлайды. Себебі туған жердің ауасы да, адамдары да ыстық. Сырдария ауданы – менің кіндік қаным тамған қасиетті мекенім. Бұл жер мен үшін тек туған өлке емес, балалық шағымның, ең алаңсыз әрі бақытты күндерімнің мекені. Туған жерге барған са­йын баяғы жүрген көшелеріме көз тоқтатып, балалық шақтың тәтті естеліктеріне еріксіз ораламын. Бір қарағанда бәрі өзгергендей көрінеді, бірақ көңіл түкпіріндегі естеліктер сол күйінде сақталып қалыпты. Кейде бала күнімде асыр салып ойнаған жерлерді көргенде жүрегім ерекше елжірейді. Сол бір алаңсыз күндерге сапар шегіп келгендей күй кешемін. Сыр елі – өнер мен жырдың, дархан мінездің мекені ғой. Бұл өңірдің адамдарының кеңпейілдігі, қонақжайлығы, шынайылығы әрдайым жанымды жылытады. Қайда жүрсем де туған жердің тәрбиесі мен бойыма сіңген құндылықтарын ұмытқан емеспін. Менің бойымдағы қарапайымдылық пен елге деген құрметтің бәрі сол туған топырақтан дарыған деп ойлаймын. Сондықтан Сырдария ауданы мен үшін өте қымбат. Ол – менің өткен өмірімнің ең әдемі беттері сақталған, әр келген сайын жанымды тыныштандырып, жүрегімді сағынышқа бөлейтін киелі мекенім.

– Күннің кұдіреті секілді сәуле болып төгілген ұстаздарыңыз жөнінде айтасыз ба, өнерге сізді кім баулыды?

– Адам өмірінде ұстаздың орны әрқашан бөлек қой. Әсіресе өнер жолында жүрген адам үшін бағыт-бағдар беріп, бойыңдағы талантты танып, қолдап жіберетін жандардың еңбегі орасан. Мен өзім журналистерге берген сұхбаттарымда ұстаздарым жайлы үнемі айтып жүремін. Себебі бүгінгі Жеңіс Ысқақованың қалыптасуына себеп болған, өнерге жетелеген жандарды ұмыту – адамгершілікке сын деп білемін. Негізі мен ес білгелі ән айтып өстім. Ән менің тағдырыма бала күнімнен жазылған сияқты. Оның бастауында, ең алдымен, анам тұр. Анам мені бесікте жатқан кезімнен әнмен тербетіп, әнмен оятатын. Қазақы тәрбиенің, ананың әлдиінің бойыма сіңуі менің өнерге жақын болып өсуіме үлкен әсер етті деп ойлаймын. Кейде адамның бойындағы өнер ананың ақ сүтімен, әлдиімен даритын шығар деп те ойлаймын. Сондықтан мен үшін алғашқы ұстаз – өз анам. Ал өнердегі жолыма бағыт берген ұстаздарымның бірі – Жантемір Айсин ағай. Ол кісі менің бойымдағы әнге деген қабілетті байқап, үлкен сахнаға сеніммен қарауыма ықпал етті. Әннің табиғатын түсін­діріп, орындаушылық мәдениетті үйрет­кен жандардың бірі болды. Ұстаз ретінде маған тек өнерді ғана емес, сахна әдебін, өнер адамына тән жауапкершілікті де сіңірді. Мені сахнаға жетектеп, өнер әлеміне батыл қадам жасауға дем берген азаматтардың бірі – Рамазан Тайманов ағамыз. Ол кісінің қамқорлығы мен қолдауы мен үшін өте қымбат. Өнер жолында кейде бір ауыз сенім сөздің өзі адамға үлкен күш береді ғой. Мен сондай қолдауды осы ағаларымнан көрдім. Мәдениет үйінде жұмыс жасап жүрген кезімде де көп тәлім алдым. Сол уақытта жанымызда жүрген Сансызбай Сәдуақасұлы ағамыздың орны ерекше. Ол кісі өнерге шынайы жанашырлықпен қарайтын, жастарға әрдайым бағыт-бағдар беріп отыратын парасатты жан еді. Бізге тек шығармашылық емес, адамдық қасиетті де үйретті. Сондықтан Сансызбай ағамызды әрдайым үлкен құрметпен еске аламын. Осы ретте өзімді өнерге тәрбиелеген ардақты ағамыз Сансызбай Сәдуақасұлын 75 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Өнерге сіңірген еңбегі әрдайым ел жадында сақтала берсін. Өнер жолында адам жалғыз жетістікке жетпейді. Оның артында ақ батасын берген ана, бағыт көрсеткен ұстаз, қолдау білдірген аға буын тұрады. Мен сол кісілердің бәріне өмір бойы қарыздармын әрі әрдайым құрметпен еске аламын.

– Өзіңіз де ұстаз ретінде шәкірт­те­ріңіздің өнерін қалай бағалайсыз?

– Ұстаз ретінде мен шәкірттің бойындағы ең бірінші қасиет – білім мен мәдениет деп есептеймін. Әрине, әнші үшін табиғи да­уыс өте маңызды. Ол – Алла Тағаланың берген сыйы. Бірақ тек әдемі дауыс адамды үлкен өнер иесі ете алмайды. Егер адамның рухани дүниесі бай болмаса, әдебиеттен, мәдениеттен, тарихтан хабары аз болса, оның өнері де терең болмайды. Сондықтан мен шәкірттеріме үнемі: «Тек дауысқа сеніп қалмаңдар» деп айтып отырамын. Мен үшін музыкалық білімнен бұрын адамның сауаттылығы, дүниетанымы, ішкі мәдениеті маңыздырақ. Өз тілін құрметтеп, әдебиетін оқып, ұлттық құндылықтарды бо­йына сіңірген шәкіртті ерекше бағалаймын. Себебі ән – жай ғана әуен емес, ол халықтың жаны, тарихы, тағдыры. Әнші сол сезімді тыңдарманға жеткізе білуі керек. Ал оны жеткізу үшін адамның жүрегі де, ой-өрісі де бай болуы қажет. Сондықтан шәкірттеріме кітап оқуды, поэзияны сүйіп оқуды үнемі айтып жүремін. Өлең оқыған адамның сөздік қоры дамиды, ойлау қабілеті кеңейеді, сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Әннің сөзін түсініп айту өте маңызды. Кейде қазіргі жастар әуеннің ырғағына ғана елітіп кетеді де, мәтіннің мағынасына терең бойламай жатады. Мен оларға: «Әнді жүрекпен түсініп айтыңдар. Әр сөздің салмағын сезініңдер» деп талап қоямын. Себебі әнші сахнада тек орындаушы емес, ол – шығармадағы сезімді жеткізуші тұлға. Қазіргі уақытта жастардың талантты болғаны қуантады. Дауысы керемет, ізденісі бар шәкірттер көп. Бірақ мен үшін жақсы әнші деген – тек мықты вокал иесі емес, тәрбиелі, білімді, мәдениетті, рухани бай адам. Өнер адамы халықтың алдында жүрген соң, оның сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, көзқарасы бәрі үлгі болуы керек. Ұстаз ретінде шәкірттерімнің сахнада ғана емес, өмірде де өз орнын тапқанын қалаймын. Олар ұлттық өнердің қадірін түсініп, қазақ әнінің қасиетін жоғалтпай, келесі ұрпаққа жеткізсе екен деймін. Сапалы әнші тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан мен шәкірттеріме тек ән айтуды емес, өнерді құрметтеуді, халыққа адал қызмет етуді үйретуге тырысамын.

– Қызылорда облыстық филармо­ния­сы эстрадалық-симфониялық оркес­трі­нің сүйе­мелдеуімен жанды дауыста өткен Сыр өңіріндегі шығар­машылық кон­цертіңіз туралы тарқатып айтып бересіз бе?

– Сыр өңіріндегі шығармашылық кон­цертім мен үшін өте ерекше кештердің бірі болды. Әсіресе Қызылорда облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрімен бірге жанды дауыста ән айту – үлкен жауапкершілік әрі үлкен өнер деп есептеймін. Концерттен кейін көрермендердің ықыласын, жылы лебізін байқап, кештің жоғары деңгейде өткенін сезіндік. Халықтың шынайы ықыласы әрбір өнер адамына ерекше қуат береді ғой. Жалпы, оркестрмен жұмыс істеу оңай емес. Себебі жанды дауыс­та орындау кезінде әнші мен оркестр бір-бірін өте жақсы сезінуі керек. Біз тек ән айтып қана тұрмаймыз, әр дыбысты, әр көңіл күйді бірге алып шығамыз. Оркестр ойнаған кезде мен олардың әуенін тыңдап, сол сәттегі музыканың тынысын сезінемін. Ал музыканттар менің дауысымдағы эмоцияны, әннің ішкі иірімдерін түсініп отырады. Сол кезде ғана сахнада шынайы үйлесім пайда болады. Менің ойымша, оркестрмен ән айту – үлкен мәдениет пен кәсіби дайындықты талап ететін дүние. Әнші де, музыкант та бір-біріне құрметпен қарап, ортақ шығармашылық ойдан шығуы керек. Кейде бір әннің өзінде бірнеше түрлі көңіл күй болады: мұң, сағыныш, қуаныш, толқу. Соның бәрін оркестрмен бірге жүрек арқылы жеткізу керек. Осындай жақсы тандем қалыптасқанда ғана ән тыңдарманның жүрегіне жетеді. Бұл концертте мен өзімнің халық жақсы көретін әндерімді жаңа форматта, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадым. Әндердің әуені де, әсері де мүлде басқаша естілді. Оркестр шығарманың бояуын қалыңдатып, әннің тереңдігін ашып береді екен. Кей сәттерде өзім де орындап тұрған әнімді жаңаша сезінгендей болдым. Осы ретте Қызылорда облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестріне шынайы алғысымды білдіремін. Оркестр құрамындағы әрбір музыканттың кәсібилігі, жауапкершілігі, өнерге деген адалдығы қатты қуантты. Біз бір отбасыдай болып, шығармашылық кешті жоғары деңгейде өткізуге бірге еңбек еттік. Сыр елінің көрермені өте талғампаз, өнерді шын бағалайтын халық қой. Сондықтан туған жерімде өткен бұл концерт менің жүрегімде ерекше әсермен қалды. Сахнада тұрып туған елдің ықыласын сезіну – өнер адамы үшін ең үлкен бақыттардың бірі деп ойлаймын. Айта кетейік, Сырдария ауданындағы шығармашылық кешімді де жергілікті халық жақсы қабылдады.

– Алпыс жылдық белесте өнерден лайықты түрде еншіңізді ала алдым деп ойлайсыз ба? Өкініш жоқ па?

– Аллаға шүкір, келесі жылы сахнада жүргеніме қырық жыл толады екен. Ойлап қарасам, тұтас бір ғұмыр өнермен бірге өтіпті. Осы уақыт ішінде талай сахнаны көрдік, талай ән айттық, талай тыңдарманмен жүздестік. Өнер жолы – оңай жол емес. Оның артында үлкен еңбек, төзім, ізденіс, кейде үнсіз күрес те жатады. Бірақ мен осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Шынымды айтсам, мен еш уақытта атақ қуып, мансаптың соңынан жүгірген адам емеспін. Өнерге деген адалдық мен үшін барлық дүниеден биік тұрды. Менің басты мақсатым – халыққа жақсы ән ұсыну, тыңдарманның жүрегіне жету болды. Егер халық ықыласын білдіріп, құрметтеп жатса, әрине, ол көңілге қуаныш сыйлайды. Мемлекеттік марапат та, халықтың алғысы да – өнер адамы үшін үлкен бағалау. Бірақ мен ешқашан «тағы не аламын?» деп өмір сүрген жоқпын. Мен өмірден де, өнерден де аса бір керемет дүниелер күткен адам емеспін. Маған ең үлкен бақыт – сахнаға шығып, өз әнімді орындап, халықтың ықыласын сезіну. Кейде концерттен кейін көрерменнің шынайы алғысын естудің өзі барлық марапаттан артық болып кетеді. Тыңдарманның көзіндегі қуанышты көру, әнмен бірге толқып отырғанын сезіну – мен үшін үлкен бақыт. Сол сәттерден ерекше рақат аламын. Өнер адамы үшін халыққа қызмет ету – ең үлкен миссия деп ойлаймын. Мен осы жолда барымды салып келемін. Сондықтан болар, жүрегімде өкініш деген сезім жоқ. Алла тағала маған халықтың махаббатын берді, елдің құрметін көрсетті. Бұдан артық қандай бақыт керек?! Әрине, өмір болған соң түрлі кезеңдер болады. Қуанышы да, қиындығы да қатар жүреді. Бірақ мен әр нәрсеге шүкіршілікпен қарауға тырысамын. Өйткені адамға берілген ең үлкен байлық – елдің ықыласы мен ішкі тыныштығы. Сол жағынан өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Алпыс жас – адам өміріндегі үлкен белес. Бұл жасқа келгенде өткен өміріңе ойланып қарайды екенсің. Сонда менің түсінгенім – өнерден өз несібемді алдым. Ең бастысы, халықтың жүрегінен орын алдым. Мен үшін одан асқан марапат та, байлық та жоқ. Сондықтан өміріме де, өнеріме де ризамын. Аллаға да, халқыма да алғысым шексіз.

– Тереңөзек кентінде орналасқан орталық алаңдағы «Алтын сағатта» әр сағат сайын «Сыр сұлуы» әнінің әуені естіліп тұрады. Алғаш естігенде ерекше толқыныс болған шығар...


– Әрине, бұл мен үшін өте ерекше, жүрекке жақын сезім болды. Туған жердің құрметі – кез келген адам үшін ең қымбат марапаттың бірі ғой. Мен Сырдария ауданының маған деген ықыласын, құрметін әрдайым сезініп келемін. Ауданның Құрметті азаматы атануымның өзі – үлкен мәртебе. Тереңөзек кентіндегі орталық саябақта аты-жөнімнің жазылып тұруы да туған елдің өнерге деген құрметінің белгісі деп қабылдаймын. Ал орталық алаңдағы «Алтын сағаттан» әр сағат сайын «Сыр сұлуы» әнінің әуені естіліп тұратынын алғаш естігенде ерекше толқыдым. Шынымды айтсам, көңілім босап кетті. Себебі бұл – өнер адамы үшін тірі кезінде қойылған ескерткішпен тең дүние деп ойлаймын. Әннің халықпен бірге өмір сүріп, туған жердің тынысымен үндесіп жатқаны қандай бақыт! «Сыр сұлуы» – ең алдымен ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов ағамыздың ғажайып шығармашылығының жемісі. Шәмші ағамыздың әндері – қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатын асыл мұра. Ал сол әннің менің орындауымда халыққа кеңінен тарап, Сыр елінің рухымен біте қайнасып кеткеніне әрдайым ризамын. Қазір бұл әнді көпшілік Сыр елінің бейресми гимні секілді қабылдайды ғой. Соның менің дауысыммен халық жүрегіне жеткені – мен үшін үлкен бақыт әрі үлкен жауапкершілік. Алғаш рет «Сыр сұлуы» әнін «Алтын сағатқа» қояйын деп жатырмыз» деген хабар келгенде қатты қуандым. Өйткені туған жердің өз перзентіне осындай құрмет көрсетуі – өте әсерлі сезім. Кейін Тереңөзекке барған сайын сол алаңға арнайы барып, әннің әуенін тыңдап тұрамын. Сол сәтте бала күнім, жастық шағым, өнер жолындағы алғашқы қадамдарым көз алдыма келеді. Жүрекке ерекше жылулық сыйлайды. Қазір тіпті барлық таныстарыма көрсетіп жүремін. «Міне, менің туған жерімнің маған деген ықыласы» деп мақтанышпен айтамын. Өйткені бұл – жай ғана әннің қойылуы емес, туған елдің перзентіне деген махаббаты мен құрметінің белгісі. Осындай сәттерде адамның жүрегін ризашылық сезімі кернейді екен. Туған жерің сені ұмытпай, өнеріңді бағалап жатса, одан асқан бақыт жоқ шығар деп ойлаймын.

– Сөз соңында алдағы жоспар­лары­ңызбен бөліссеңіз...

– Әрине, мен үшін алпыс жылдық мерейтойға арналған шығармашылық кештің Сыр елінен басталуы – өте үлкен қуаныш әрі ерекше символдық мәні бар оқиға болды. Себебі менің өнердегі алғашқы қадамдарым да, өмірімнің ең ыстық естеліктері де осы қасиетті Сыр топырағымен тығыз байланыс­ты. Сондықтан бұл концерттің туған жерден бастау алуы – жүрекке жақын, ерекше әсерлі сәттердің бірі болды. Алдағы уақытта бұл мерекелік концерттік бағдарламаны Қазақстанның басқа да өңірлерінде жалғастыру жоспарда бар. Халықпен жүздесу, әр аймақтың тыңдарманымен қайта қауышу – өнер адамы үшін үлкен бақыт. Себебі әр өңірдің өз көрермені, өз ықыласы, өз жылуы бар. Сол ықыласты сезіну, сахна арқылы халықпен қайта қауышу – мен үшін ең үлкен мотивация. Алматы мен Астана қалаларында да үлкен концерттер өткізу жоспарым бар. Бұл екі қала – еліміздің мәдени орталығы, өнер мен руханият тоғысқан киелі сахналар. Ол жердегі көрерменнің талғамы да, талаптары да жоғары. Сондықтан ол концерттерге ерекше дайындықпен бару – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бағдарлама да тыңдарманның көңілінен шығатындай, мазмұнды әрі әсерлі болуы керек деп ойлаймын. Жалпы, мен ешқашан үлкен жоспар құрып, оны міндетті түрде жүзеге асырамын деп кесіп айтпаймын. Өйткені өмірде бәрі тек адамның өз қалауымен емес, Алланың қалауымен де болады. Сондықтан мен үшін ең маңыздысы – Алла Тағаланың жазғаны мен менің жоспарымның сәйкес келуі. Сол үйлесім болса, барлық іс берекелі болады деп сенемін.

Сұхбаттасқан
Балтабай Ордабеков
06 маусым 2026 ж. 93 0