Тың кәсіптің иесі – Дана
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында сан түрлі мемлекеттік бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқаны қуантады. Оның ішінде ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы екені анық. Аталған жоба ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға, кәсібін кеңейтуге және заманауи технологияны енгізуге үлкен мүмкіндік беруде. Бүгінде осы жобаның игілігін көріп отырған жеке кәсіпкерлердің бірі – тереңөзектік Дана Ашабаева.Бұған дейін Дана Ашабаева Тереңөзек кентінен ветеринариялық дәріхана ашқан болатын. Бұл жолы ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығы саласына қажетті заманауи құрылғы – үй жануарларының буаздығын анықтайтын УДЗ аппаратын сатып алған. Құны 7 миллион теңге болатын бұл аппаратты жеке кәсіпкер ауданға алғаш рет әкеліп отыр. Яғни, кейіпкеріміз ауыл шаруашылығына қажетті заманауи ветеринариялық қызметтің қолжетімді болуына үлес қосуда.
Кәсіпкердің айтуынша, аталған УДЗ аппараты арқылы сиыр, қой және ешкі малдарының буаздығын ерте мерзімде, яғни 40-45 күннен бастап анықтауға болады. Бұл – мал иелері үшін өте тиімді әрі маңызды қызмет. Себебі малдың буаздығын ерте анықтау арқылы оның күтімін дер кезінде ұйымдастырып, қажетті ветеринариялық шараларды уақытылы жүргізуге мүмкіндік туады.
– Мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсібі. Қазіргі таңда бұл саланы заман талабына сай дамыту үшін жаңа технология мен инновациялық әдістерді қолданудың маңызы зор. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында кәсібімізді дамытуға үлкен мүмкіндік алдық. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлері үшін өте тиімді бағдарлама деп есептеймін. Осы жоба арқылы заманауи УДЗ аппаратын сатып алып, аудан тұрғындарына жаңа қызмет түрін ұсынып отырмыз. Аппарат арқылы малдың буаздығын ерте анықтап, шаруашылық иелеріне нақты ақпарат беруге болады, – дейді кәсіпкер.
Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмекпен және ветеринариялық өнімдермен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпкер енді кәсібін жаңа бағытта дамытуды көздейді. Бүгінде осы саланың майталманына айналған маман УДЗ аппаратымен сауатты жұмыс жасау мақсатында арнайы курстан өтуде.
– Қазіргі таңда арнайы курс оқып жатырмын. Алдағы уақытта бұл қызметті толыққанды дамытып, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті халық үшін мұндай қызметтің қолжетімді болғаны маңызды. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Болашақта көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтіп, аудан тұрғындарына бірнеше заманауи ветеринариялық жобаны ұсынуды жоспарлап отырмыз. Әсіресе мал шаруашылығында заманауи құрылғыларды пайдалану өнімділікті арттырып, шаруашылықтың сапалы дамуына ықпал ететінін жақсы білеміз, – деді жеке кәсіпкер.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы жергілікті жерде кәсіп ашуға ниетті Дана секілді жандарға қаржылай қолдау көрсетуге барынша ықпал етуде. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, кәсібін дамытып отырған кәсіпкерлер бүгінде аудан экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










