Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНДА ОҢ СЕРПІН

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНДА ОҢ СЕРПІН


Жыл сайын сынның астында қалатын ауданның медицина саласы өткен жылды жетістіктермен аяқтады. Ана мен бала өлімінен бастап, ақ халатты абзал жандардың арасындағы жемқорлықтан көз ашпаған сала жаңа басшы келгелі оң нәтижеге қол жеткізе бастады. Бұл өзгерісті аудан тұрғындары өз көздерімен көріп жүр. Міне, жемісті жылды артқа тастаған медицинаның хал-ахуалы көңілге жағымды. Мұны бас дәрігер Н.Мырзағалиеваның берген есебінен аңғару қиын емес.
«Денсаулық» бағдарламасын бетке ұстаған аялы жандар ең алдымен халық денсаулығын жақсарту жолында сапаға көңіл бөлді. Ол үшін басшылық тарапынан қолдау болып, кемшін тұстарға жоспар жасалынды. Әрине, ол үшін кадр мәселесін шешу қажет. Жетіспей жатқан мамандарды сараптап, жас мамандарды тарту уақыт күттірмейді. Сондықтан дәрігерлер тапшылығын төмендету мақсатында емханаға 7 жас дәрігер тартылды. Сөйтіп, дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 95%-ға жетті. Мұнымен саланың қордаланған мәселесі шешіле қалған жоқ. Аудан орталығындағы ауруханада кейбір аса қажетті бөлімшелердің жоқтығы науқастардың облыс орталығына шапқылауына мәжбүрледі. Бұл олқылықты шешудің де жолы табылды. Орынды ұсыныс басшылық тарапынан мақұлданып, орталық ауруханадан бір емес, бес жаңадан бөлімше ашылды. Олар соңғы талапқа сай жабдықталған қабылдау, ауданаралық оңалту, ауданаралық паллиативті көмек көрсету, гинекология және 2-ші деңгейдегі перзентхана бөлімшелері. Бұл бөлімшелерде қазіргі уақытта білікті дәрігерлер мен медбикелер науқастарға тиісті ем-домдарын жасауда.
Аурухананың техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, СМАД, холтер, 3 санитарлық автокөлік, 2 дефибрилятор және цифровизация аясында 127 компьютер, 3 терминал, телеметрия, оңалту тренажерлары және басқа да медициналық құрал жабдықтар алынды. Осылайша аурухананың материалдық базасының жабдықталуы 80,1%-дан 87,2%-ға жетті.
Мұндай жетістікті өз сөзінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу - профилактикалық көмек жөніндегі орынбасары Олжас Искаков та атап өтті. Сондай-ақ, қорытынды жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Медицина саласының өткен жылда жеткен жетістіктері алдағы жылы да жалғасын тауып, жиында денсаулық сақшылары халық сеніміне ие болу мақсатын қойды.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
30 қаңтар 2019 ж. 687 0