ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН АУЫРҒАН БІЛЕР
Бүгінде аудан медицинасының даму динамикасы қарқынды жүзеге асып, көптеген қордаланған мәселелер шешімін табуда. Медицина саласының жұмысын оңтайландырып, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету бір жолға қойылған. Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов жақында ашылған аудандық ауруханаға қарасты «қалпына келтіру және, мейіргерлік күтім паллиативтік көмек» бөлімшесін аралап көрді.
Бұнда бір мезетте 35 науқасқа дәрігерлік күтім мен оңалту шаралары жасалады. Сонымен қатар, таңертеңгілік жаттығу, диагноздық ем-шара, массаж, күнделікті физио-терапиялық ем уақытылы көрсетіледі. Көбіне бөлімше мамандары инсульт, инфаркт секілді түрлі ауруға шалдыққан науқастарға ем-дом жасап, оңалту шараларын жүргізеді. Барлық жағдайда күтімді қажет ететін ем алушыны сауықтырады. Уақытылы ем қабылдаған науқастың бар жағдайы жасалып, қатаң қадағалауға алынады. Мазасыздану белгілері байқалған жағдайда жан-жақты тексерулер жүргізіледі. Арнайы медициналық нұсқаулық пен денсаулыққа қажетті кеңестер беріледі.
Өз кезегінде Е.Дәуітбекұлы жұмыс барысымен танысқаннан кейін ем алушылармен кездесіп, пікірлесті. – Мұнда ауданнан шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары жоспарлы түрде ем қабылдап, денсаулығын жақсарта алады. Қазіргі таңда аудан медицинасы дамуының айқын бағыты қалыптасып келеді, – деген аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
– Біз балтырымыз сыздап, басымыз ауырғанда ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінетініміз анық. Осы бөлімшенің жаңадан ашылуы құптарлық жағдай. Мемлекет тарапынан қарттар мен мүгедектерге барлық жағдай жасалуда. Аудан әкімінің жіті бақылауында болып, едәуір жақсы көрсеткішке көтерілген сала жұмысы көңілге қонымды. Бағдарлама негізінде шет аймақта орналасқан ауылдағы ағайынға жайлы медициналық көмек көрсетілуі игілікті іс. Тиімді жұмыс көзін ұйымдастыру тетіктерін ұтымды жетілдірген басшы ғана ел алғысына бөленеді. Аудандық ауруханаға қажетті медициналық құрылғыларымен жабдықтап, дәрі-дәрмекті уақытылы беру арқылы жанға керектінің барлығын жасаған ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз, – дейді емделуші, Айдарлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Исмайлов.
Негізінен бөлімшеде 19 қызметкер жұмыс жасайды. Күн сайын дәрігер, мейірбике, логопед, психолог, физкабинет маманы, кіші буын қызметкерлерінің құзыретіне науқастарды сауықтыру, оларға жайлы орта қалыптастыру кіреді.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ