Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас мамандардың жөні бөлек

Жас мамандардың жөні бөлек


«Жас келсе іске» демекші, ауданның медицина саласы жас мамандармен толыққан. Адам жанының арашашысы болуды арман еткен олар қазір біліктіліктерін тәжірибеде қолданып келеді. Оларға орталық ауруханадағы тәжірибелі дәрігерлер іскерліктерін көрсетіп, денсаулық саласының маманы болуға машықтандыруда. Сондықтан жалынды жастар ауданның денсаулық саласын дамытуға өз үлестерін қосуға талпынып жүр. Оның үстіне, Ұлт Көшбасшысы өз Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл ретте, жас медицина мамандарының да үн қосатыны белгілі және оған белсенді атсалысуға дайын. Оны ауданда дәрігерлер тапшылығын төмендету үшін емханаға жастардың көптеп келуінен аңғаруға болады. Мәселен, емханаға 9 дәрігер тартылған. Атап айтқанда, 3 хирург, 1 акушер-гинеколог, 2 жалпы тәжірибелік дәрігер, 2 терапевт, 1 гастроэнтеролог сапалы қызмет көрсетуге келсе, олардың көбісі жастар. Атап айтқанда, Дулат Қожахметов, Ғалым Кенеев, Ләззат Иманқұлова, Әсел Мәжитова, Әйгерім Жеткербай, Айсәуле Әмзеева халыққа медициналық қызмет көрсетіп келеді.
Аталмыш саланың қазіргі басымдығы – медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында дәрігерлік аймақтағы халық санын 2200-ден төмендету қажеттілігі туындаған. Осы орайда, кентте қосымша 1 аймақ ашылып, барлық аймаққа орташа 1700 адамнан бекітілген. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 1500-ге дейін кезең-кезеңімен азайту жоспарланған. Бұл жұмыс сапасын жоғарылатып, медициналық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Осы аталған аймақтарда көше аралап, халық денсаулығын жақсарту тұрғысында тынымсыз еңбек етіп жүргендердің ішінде де жастардың үлесі зор. Білікті дәрігерлермен бірге жас мейірбикелер үйді-үйге барып, тиісті көмек көрсетіп жүр.
31 қазан 2018 ж. 1 025 0