Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Джордж Крол Назарбаевтың АҚШ-қа сапары туралы пікір білдірді

Джордж Крол Назарбаевтың АҚШ-қа сапары туралы пікір білдірді


АҚШ-тың Қазақстандағы қазіргі елшісі Джордж Крол Назарбаевтың АҚШ-қа сапары туралы айтып берді. Бұл туралы елші Азаттыққа берген сұхбатында айтқан, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Сұхбат барысында Джордж Крол Елбасының АҚШ-пен қарым-қатынасына көзқарасы қандай екенін айтты.
«Президент АҚШ-пен байланысты өте позитивті сипаттайды. Солтүстіктегі және шығыстағы ірі көршілерімен және шалғайда жатқан АҚШ-пен стратегиялық әріптестік орнатуды көздейтін көпвекторлы сыртқы саясат тұрғысынан қарастырады. Назарбаев кездесулерде АҚШ-тың Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін қолдауы өте маңызды деп жиі айтады. Ол 90-жылдардың басынан бері екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Сол кезде Chevron, Exxon және Mobil сияқты АҚШ-тың ірі компаниялары Теңіз кенішін игеру үшін алғашқы келісім-шарттарға қол қойған. Одан кейін Қазақстанның мұнайды сату арқылы экономикасын трансформациялауға мүмкіндік берген Қашаған жобасы, құбыр құрылысы жобаларын қолға алды.
Сондықтан ол Америкамен арадағы экономикалық және саяси байланыстарды жоғары бағалайды және АҚШ-тың Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел екенін еске алып отырады. 25 жыл ішінде қарым-қатынас дами түсті. Президент Назарбаев үлкен Джордж Буштан бастап АҚШ президенттерінің барлығымен кездесіп келеді. Назарбаев пен Трамп бұған дейін де телефонмен сөйлесіп, былтыр Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында аз-маз тілдескен. Ал бұл сапар АҚШ-тың жаңа басшылығымен, жаңа әкімшілікпен жақын байланыс орнатудың тағы бір мүмкіндігі болды», - деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі.
Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасының артықшылықтарына да тоқталып өтті.
«Осы сапарға дайындық кезінде нақтыланған әрі АҚШ пен Қазақстанның бірлескен мәлімдемесінде айтылған басымдылық - 21 ғасырдағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту. Бұл үшін біз президенттен бастап, министрліктерге дейін ең жоғары басшылық деңгейінде байланыс орнатып, аймақтық мәселелерді шешуге және оларды талқылауға күш салуымыз керек. Мәселелердің арасында біздің президенттің (Трамп-ред) Оңтүстік Азиядағы стратегиясының негізгі бөлігі Ауғанстан тақырыбы да бар. Себебі қазір әлем өзгеріп жатыр және біз экстремизммен бетпе-бет келіп отырмыз. Одан соң Солтүстік Кореяның ядролық қару мәселесі бар. Қазір АҚШ та, Қазақстан да Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болғандықтан, біршама мәселелер бойынша қарым-қатынас жаңаша трансформацияланды әрі біздің үкіметтердің арасындағы өзара байланыс та жаңа деңгейге көтерілді.
Сонымен бірге біз дәстүрлі секторлардан басқа мәселелер бойынша да аралас-құраластықты арттыруымыз керек. Бұрын біз көмірсутегі саласын айтып келсек, енді басқа салаларды қамту қажет. Қазақстанның мақсаты - шикізат өндіруші елден өнім мен қызмет түрлерін өндіруші елге айналу, экономиканы трансформациялап, әртараптандыру. Осы ретте АҚШ-пен де қарым-қатынасты әртараптандырғысы келеді. Сол арқылы Америка бизнесі мен инвестициясын энергетикадан басқа салаларға да тартуды қалайды. Осы кездесуде екі елдің үкіметтері де осыған баса мән берді. АҚШ-тың "Шетелде жеке инвестиция салу корпорациясы" (OPIC) деп аталатын үкіметтік мекемесі мен Қазақстан арасында келісім-шартқа қол қойылды. OPIC тек инвестицияны сақтандырып қана қоймай, Қазақстанда бизнес ашып, оны дамытқысы келетін америкалықтарға да инвестиция бөле алады. Сол арқылы Қазақстандағы бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Қазір Америкаға турист ретінде келгісі келетіндерге 10 жылға дейін виза береміз. Қазақстан өзіне келетін америкалықтарды визасыз кіргізу режимін енгізді. Бұған қоса көлік қатынасын дамыту жайы бар. Қазақстан АҚШ-қа тікелей әуе қатынасын ашуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Бұл жайтты әлі талқылау керек. Ашылып жатса, байланыс одан әрі нығаяры анық.
Одан кейін ағылшын тілін оқыту жайы бар. Ағылшын тілі – Американың төл өнімі емес. Бірақ АҚШ ағылшын тілінде сөйлейтін ең ірі мемлекет. Ал Қазақстан оқушылардың барлығына қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретуге талпынып жатыр. Осыған орай біз Қазақстанның Білім министрлігімен бірлесіп, біздің елшілік арқылы көп ресурс бөліп жатырмыз. Соңғы он жыл бойы мен Орталық Азия өңірінде жұмыс істеп келемін. Алдымен Мемлекеттік хатшының Орталық Азия бойынша көмекшісі, одан соң Өзбекстанда елші болдым. Кейін Қазақстанға келдім. Екі ел арасында ядролық қаруды таратпау, экспортты бақылау, шекара қорғанысын күшейту, заң үстемдігін арттыру, заңсыз есірткі тасымалымен күресте бірігіп жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса, Ирак пен Сирияда, осы өңірде белсенділік танытып жатқан содырларға және терроризмге қарсы күресте күш біріктіру мәселелері жақсы жолға қойылған.
Одан кейінгі мәселе – Ауғанстан. Америка әкімшілігі Ауғанстанға қатысты ұстанымын нығайтып жатыр. Қазір АҚШ ауған үкіметіне көмектесіп, "Талибанмен" арадағы жағдайды келіссөздер арқылы реттеуге мүдделі. Сонда ғана Ауғанстанда ұзақтан бері тоқтаусыз жүріп жатқан қантөгіс пен соғысты тоқтатып, экономикалық дамуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге көңіл бөлуге болады. Қазақстан Орталық Азияның басқа елдері сияқты осы саладағы басты әріптес бола алады. Сондықтан Қазақстан мен Америка әкімшілігі өзара қарым-қатынаста осы мәселеге баса назар аударады», - деді Джордж Крол.
«Қамшы» сілтейді
20 қаңтар 2018 ж. 956 0